$513.74 €569.17 ₽6.33
×

Қызының маңдайына жұмыртқа жарып, TikTok-қа салған әйел сотталды

AstanaTV
12.05.2025ж. 07:41
90
Қызының маңдайына жұмыртқа жарып, TikTok-қа салған әйел сотталды

Швецияның Хельсингборг қаласында 24 жастағы ана кішкентай қызының маңдайына жұмыртқа жарып, оны TikTok желісінде жариялағаны үшін сотталды. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2023 жылы TikTok-та даулы тренд пайда болған еді – ата-аналар әзіл ретінде өздерінің кішкентай балаларының маңдайына жұмыртқа жарып, ол видеоларын желіге жариялай бастады. Көпшілік мұны көңілді ойын ретінде қабылдағанымен, кей жағдайда балалар ата-аналарының әзілін түсіне алмай, жылап қалған. Дегенмен Швециядағы бір оқиға қоғамда үлкен талқыға түсіп, соңында сотқа жеткен.

Өткен жазда 24 жастағы әйел қызына алма бәлішін бірге дайындап, оны TikTok үшін видеоға түсіретінін айтқан. Алайда, күтпеген жерден ол жұмыртқаны кішкентай қызының маңдайына жарып жібергенде, жұмыртқаның сары уызы аққан қыздың бетіне жағылған. Тосыннан болған әрекеттен шошып кеткен бүлдіршін маңдайының ауырсынғанын айтып, анасына тоқтатуды өтінеді.

Бұл видео TikTok-та 100 000-ға жуық қаралым жинағанымен, көрермендердің бірі полицияға хабар беріп, әйелді баласына зорлық көрсеткені үшін айыптады.

Балаға бұлай әрекет жасау дұрыс емес. Оны видеоға түсіріп, көпшілікке тарату –қорлайтын жағдай, – деді прокурор Сесилия Андерссон.

Айыпталушы өз әрекетін қорғап, бұл сол кездегі TikTok-тағы тренд болғанын және көп адам осылай әзілдегенін айтқанымен, сот оны кінәлі деп тапты. Осылайша, анасы 20 000 швед кронын (шамамен 2070 АҚШ доллары) айыппұл төлейтін болды.