Оқиға Мұнайлы ауданы нөмірі 12-жалпы білім беретін мектепте болған. Төбелестің салдарынан 8-сынып оқушы зардап шегіп, облыстық балалар ауруханасының травматология бөліміне жатқызылған, деп хабарлайды KAZINFORM.
Зардап шеккен оқушының анасының айтуынша, сыныптастар арасындағы жанжал былтыр қазан айында басталған. Алайда мектеп әкімшілігі тиісті шаралар қолданбаған.
Маңғысттау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жасөспірімнің жағдайы жақсы. Сондықтан бүгін, 12-мамыр күні ауруханадан шығару жоспарланған.
Осы оқиғадан кейін мектепте зардап шеккен оқушының анасымен, мектеп әкімшілігімен, полиция қызметкерлерімен және дәрігерлермен кездесу өткен. Нәтижесінде білім беру ұйымында оқушылар арасында қақтығыстар мен буллинг қайталанып отыратыны, бірақ олар ішкі істер органдарына жеткізілмейдігі анықталған.
Маңғыстау облыстық білім басқармасының хабарлауынша, төбелескен оқушылардың ата-аналарына айыппұл салынған.
- Мектеп әкімшілігі тарапынан төбелескен жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына профилактикалық психологиялық жұмыстар жүргізілді және ата-аналарына Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 435 бабы бойынша айыппұл салынды. Сонымен қатар, бұл оқушылардың іс-әрекеті Мұнайлы ауданы әкімі жанындағы кәмелет жасына толмағандардың ісі бойынша арнайы комиссияда қаралатын болады. Ал, білім басқармасы қызметтік тексеру жүргізеді, - делінген хабарламада.