АҚШ президенті Дональд Трамп рецепт бойынша берілетін фармацевтикалық препараттардың құнын 30–80%-ға дейін төмендететін жарлыққа қол қоюды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
АҚШ басшысы елдегі дәрі-дәрмектің бағасы «кез келген басқа елге қарағанда әлдеқайда қымбат екенін, кейде тіпті бес-он есе жоғары екенін» айтып, «бұл жағдайды түсіндіру қашан да қиын болғанын, себебі нақты жауабы жоқ» екенін жеткізді.
— Фармацевтикалық компаниялар көп жылдар бойы бұл бағаны зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалған шығындармен байланыстырып келді. Алайда барлық шығын еш себепсіз тек халықтың қалтасына жүктеліп келді, — деп жазды Дональд Трамп Truth Social желісінде.
Президент фармкомпаниялардың сайлауалды науқанға берген демеушіліктері өзіне де, Республикалық партияға да әсер етпейтінін атап өтті.
— Біз әділ шешім қабылдаймыз. Ертең таңғы сағат 9:00-де Ақ үйде еліміздің тарихындағы ең маңызды атқарушы жарлықтардың біріне қол қоятынымды қуана хабарлаймын. Рецептпен берілетін дәрі-дәрмектер мен өзге де фармацевтикалық өнімдердің бағасы бірден 30-80%-ға дейін төмендейді, — деді Трамп.
Оның айтуынша, бұл қадам «көп жылдан бергі алғашқы әділеттілік» болады және АҚШ азаматтарының денсаулық сақтау саласына кететін шығындары «бұрын-соңды болмаған деңгейде» қысқарады.
Аталған жарлық АҚШ Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер министрлігіне (министрі — Роберт Кеннеди-кіші) Байден әкімшілігі инфляцияны төмендету туралы заң аясында енгізген Medicare дәрі-дәрмек бағасы бойынша келіссөздер бағдарламасына қатысты түсініктемелер жинауды міндеттейді. Бұл бағдарлама Medicare жүйесіне фармкомпаниялармен баға бойынша тікелей келіссөз жүргізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Fox News.