Атырауда Жайық өзенінен қайықпен өтіп бара жатқанда суға батып кеткен 17 жастағы дзюдошы баланы іздестіру жұмыстары аяқталды. Мәйіт оқиға орнынан шамамен екі шақырым қашықтықтан сегіз күннен кейін табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
3 мамыр күні сағат 17:25-те Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне Жайық өзенінде жасөспірімнің суға батып кеткені жөнінде хабарлама келіп түскен. 2007 жылы туған жасөспірім моторлы қайықпен өзеннің қарсы жағына өтуге әрекеттенген кезде суға құлап кеткен.
Іздестіру жұмыстары бірден басталды. Операцияны күшейту үшін қосымша күштер мен техника тартылды. Күн сайын оқиға орнында кемінде 12 құтқарушы жұмыс істеді, 4 жүзу құралы, 3 арнайы техника және пилотсыз ұшу аппараты қолданылды. Сондай-ақ іздестіру шараларына сүңгуірлер мен полиция қызметкерлері де қатысты.
Іздестіру жұмыстарының қиындығына өзеннің қатты ағысы, су астындағы көріну мүмкіндігінің төмендігі және түбіндегі бөгде заттар әсер етті. Соған қарамастан, мамандар күн сайын өзен түбін зерттеді.
11 мамыр күні сағат 10:52-де жасөспірімнің мәйіті оқиға орнынан шамамен екі шақырым жерден табылып, полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Іздестіру жұмыстары ресми түрде аяқталды.