Тоғыз ай бұрын баласы дүкен жанындағы желдеткіштің электр тоғына түсіп қайтыс болған қызылордалық отбасы әлі күнге әділдік іздеп шырылдап жүр. Содан бері іс тіркелгенімен, сотқа әлі жолданбапты. Созбалаңға салынған тергеу барысы етегі жасқа толған ананың күдігін көбейтуде.
Бұл видеоны оқиға болған күні Жанардың үлкен ұлы түсірген. Айтуынша, марқұм Данияр достарымен дүкен маңында ойнап жүрген. Кенет көзден ғайып болған оны ағасы іздеп, шөптің арасынан тапқан. Айтуыларынша, ол жасырынбақ болып кіргенде мұзбатқыштан аққан суға сүрініп құлаған. Сол сәтте ашық тұрған сымнан ұстап қалмақ болыпты. Ойын боласы тоқ екенін аңғармаса керек. Арада 5 күн өткен соң, Данияр тілге келместен ауруханада көз жұмған. Оқиға бойынша тергеу басталғанымен 8 айдан бері созбалаңға салынып келеді дейді Жанар.
ЖАНАР ЛӘПБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Қалалық, облыстық прокуратруға арыз жаздым. ГОВД-ға да арыз жазып жатырмын. Барасың, барған кезде сені шағарып салады «иә, болады, әне-міне. 2-3 күннен кейін істің жағдайын сұрайын десең я тергеуші жауап бермейді, я бастығы жауап бермейді. Қашан сот болады десек, сот болу болмауы екі талай дейді. Декабрьдің 27 күні бұл іс жабылған, 30-ы қайтадан ашылған. Біз үстін-үстін арыз жазғаннан кейін.
Данияр үйдегі 6 баланың үшіншісі. Арманы асқақ, мақсаты айқын ерекше еді деп еске алады жақындары. Ал оның ажалына себеп болған нысан атын өзгертіп, қамсыз жұмыс жасап тұрғаны жарамызды тырнап барады дейді олар. Сондықтан қатесін түсініп бірде бір рет алдымызға келмеген кәсіпкер әділ жазасын алсын деп отыр.
САРА ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Мынау қоршалмаған. Қайта менің екінші балам тоққа түсіп қалмаған. Ананы өзі тартып алған. 14 жасар балам да кетіп қалуы мүмкін еді. Сонда қалай салғырт жасайды бұл. Әділ жазасын алсын мынаның асты үлкен шұжық цехы.
Даниярдың электр тогының әсерінен көз жұмғанын сот медициналық сараптамысы да, дәрігерлер де растап отыр. Полиция аталмыш оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын айтты.
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ:
Қылмыс бойынша жан-жақты және объективті түрде тергеп-тексеру жүргізілуде. Нәтижесімен заңды түрде процестік шешім қабылданады. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талабына сәйкес, қылмыстық іс жүргізу барысы тергеу құпиялығына байланысты жарияланбайтынын хабарлаймыз.
Істің ұзақ тергелеуінің себебі мен қашан сотқа жолданатыны беймәлім. Ал баласы қыршыннан қиылған ананың көңілінде үміттен күдік басым.