Атырауда сегізінші сыныптың екі баласын жоғары сынып оқушылары көк ала қойдай қылып сабаған. Аяусыз соққаны сондай қос жасөспірімнің үстінде сау жер жоқ. Шошып қалған балалар жағдайды ата-аналарынан жасырып, айтпаған. Тек көршінің үйінен жақпа май сұрағанда ғана біліп қалыпты.
Оқиға Атырау қаласының іргесіндегі Еркінқала ауылында болған. 9-сыныптың екі оқушысы өзінен кіші екі баланы мына құрылысы бітпеген үйге шақырып алып, аяусыз ұрған. Жан баласына тіс жарсаңдар, дәл осылай соққы астына аламыз деп қорқытыпты. Үйіне жұмыс істеуге келмегені үшін осылай жазалаған,- дейді ата-анасы. Қан-жоса болған балалар үйіндегілерден жасыру үшін киімін достарына барып ауыстырып алған.
ҚҰРАЛАЙ ШАМАРОВА, АТА-АНА:
Жедел жәрдем айтты бала қатты соққы алған, ушиб деді. Кәдімгі таяқпен ұрған баланы, аяусыз ұрған ғой. Жауыздық қой бұл деген. Іс жабылып қалмасыншы деп тұрмыз. Қазір бар ғой, таныс-маныс, ортаға тығады. Заңды түрде шешімін берсін дейміз.
ТІЛЕКШІ ХАЛИКОВА, АТА-АНА:
Шаруаға шақырған. Олар үнемі шақырады екен. Өздерінің айтулары бойынша, бұлар бармаған соң ұрып-соққан. Таяқпен, аяусыз соғып, денелерінің барлық жеріне зақым келтірген. Басынан соққан баламның. Сосын келесіде тағы да айтатын болсаңдар, осындай тағы қайталанад деп қорқытып, балаларымыздан ақша сұраған. Ақша бопсалаған.
Ал зәбір көрсеткен ұлдар жұмыс жасауға шақырғанын мойындамапты. Керісінше, боқтық сөз айтқандықтан ұрдық,- деуден танбаған. Енді ата-аналар балаларын сабаққа жіберуге қорқып отыр. Оқиғадан соң Еркінқала орта мектебі басшылығы мен мұғалімдері жұмысты ысырып қойып, құқық қорғау органдарын жағалап, түсінік беріп жүр.
БОЛАТ ХИСМЕТОВ, ЕРКІНҚАЛА ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Сабақтан тыс уақытта болған жағдай. Жәбірленуші 8 сыныптың 2 оқушысы, оларға соққы берген 9 сыныптың 2 оқушысы. 4 оқушы да біздің мектебіміздің оқушылары. Бұрын-соңды тәртіпсіздік жасаған оқушылар емес. Олар ешқанайда есепте тұрған оқушылар емес.
МЕЙІРІМ ЕРДӘУЛЕТ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Қазіргі таңда қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Мәселенің толық мән-жайы анықталуда. Сондай-ақ кәмелетке толмаған күдіктілердің болуына байланысты олардың заңды өкілдерінің қатысуымен жауап алынуда.
Ауылдастарын аямастан соққыға жыққан қос жасөспірім ішкі істер органдарының есебіне алынады. Және құжаттары кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданады. Ал еш жазықсыз тепкі астына қалған балалардың ата-анасы істі соңына дейін жеткіземіз,- деп отыр.