Ешқандай шартсыз келісім жасауға дайынмын. Владимир Путин кенеттен Украинаға осындай ұсыныс жасады. Владимир Зеленский, осы сөзің рас болса, Ыстамбұлда күтемін, - деді. Ал, АҚШ пен Қытай сауда соғысын тоқтату туралы келісімге келген сыңайлы. Қос тарап, Швейцарияда келіссөз жүргізді. Азия құрлығында ядролық соғыстың алды алынды. Үндістан мен Пәкістан келісімге келіп, бір-біріне оқ жаудыруды тоқтатты. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Келіссек болды, бір-бірімізге оқ атпаймыз. Жеңіс күніне арналған парад пен салтанатты шаралардан кейін Владимир Путин Украинаға ұсыныс жасады. Ыстамбұлда сөйлесейік, соғысты тоқтатайық, - деді. Бірақ, осы уақытқа дейінгі шарттарды бұзып келді, деп, Зеленскийді айыптады.
ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз Украинамен тікелей келіссөз жүргізуге үміттіміз. Тарихи келісім жасап, енді оқ атпайтындай жағдай жасайық. Осы соғыстың себептерін анықтап, енді болдырмау да керек. Нағыз бейбіт шарт жасауға шақырамын.
Осы сөзің рас болса, Ыстамбұлда 15-і мамыр өзім күтемін. Зеленский Ресей Президентіне осылай деп жауап қатты. Алайда, Украина басшысы бұл – Трамптың көңілін аулау үшін айтылған бос сөз, - деген ойын да жасырмады.
ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:
Егер осы айтқанының барлығы рас болса, мен жеке өзім 15-і мамыр Ыстамбұлда боламын. Путиннің өзі келуін де күтемін. Дипломатия сәтті болуы үшін 12-і мамырдан бастап мүлдем оқ атуды тоқтату керек. Өлімді тоқтату керек деп санаймын. Егер, Ресей расымен соғысты тоқтатқысы келсе, неге осы ұсынысты қабыл алмасқа?
АҚШ пен Қытай сауда соғысын уақытша тоқтатты. Қос тарап Швейцарияда келіссөз жүргізіп жатыр. Бірінші күні-ақ, екі ел 90 күнге тарифтерді тоқтатуға уағдаласқан. Алдағы 90 күн ішінде тараптар тағы келіссөз өткізіп, толыққанды шешім қабылдамақ.
СКОТТ БЕССЕНТ, АҚШ ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
Екі мемлекет те сауда қарым-қатынастарын толыққанды үзгісі келмейді. Бұл мәселе бойынша біз жылдам келісімге келдік. Біз де жөнсіз, сауда салықтарын салмайтынымызды барлығы білсе екен деймін.
Үндістан мен Пәкістан бейбіт келісімге келді. Пәкістанға қарасты Кашмирде жұрт тастап қапшқан үйлеріне оралып, тойлап жатыр. Лахор қаласында тіпті, отшашу атылды.
ШАХИД ПИРЗАДА, ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫН:
Біз үйімізге оралдық. Екі ел үкіметтеріне, алапат соғысты болдырмағандарына рахмет. Енді жаңа өмірді бастай аламыз деген үміттеміз.
Ұлы жеңістің 80 жылдығын Украина да атап өтті. Онда Ұлыбритания, Франция және Германия басшылары келіп, құрбан болған майдангерлер ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.