$513.74 €569.17 ₽6.33
×

Қазақстан мен БАӘ 5 миллиард долларға тең келісімшарттарға қол қойды

12.05.2025ж. 20:00
92
Қазақстан мен БАӘ 5 миллиард долларға тең келісімшарттарға қол қойды

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында 5 миллиард долларды құрайтын 20-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылды. Бұл туралы бүгін Абу Дабидің Тақ мұрагері Халед бен Мұхаммед Әл Нахаянның елімізге ресми сапары аясында айтылды.

Әмірліктер – еліміздің ең басты серіктестерінің бірі. Қос мемлекеттің мақсат-мүдделері бір-бірімен сәйкес келеді. 2023 жылы екі ел үкіметі Стратегиялық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы бірлескен декларацияға қол қойған. Бұдан бөлек, Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстан экономикасындағы ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіреді. Былтыр олардың елімізге құйған инвестиция көлемі екі есеге артып, рекордтық көрсеткішке жеткен. Кездесуде тараптар, автокөлік бойынша, мұнай-газ саласын цифрлық трансформациялау секілді бірлескен құжаттарға қол қойды. Құнды қағаздар арасында Түркістан қаласында шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян атындағы перзентхана құрылысын салу және қаржыландыруға қатысты өзара түсіністік туралы меморандумда бар.  Сондай-ақ, құжат алмасу рәсімінде елдердің үкіметтері арасында жел электр станциясы жобасын іске асыру туралы келісімнің ратификацияланғаны туралы хабарланды.

ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Үлкен ірі жоба ол жел электр станция 1Мб қуаты біз қол қойдық және мынау ратефикациялау рәсімін өттік. Осы құжаттармен айырбастау рәсімі көзделген бүгінгі күні.  Келесі жылы құрылыс жұмыстары басталады деп ойлаймыз. Қазір жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Екі жақты келіссөздерден соң Қазақстан Президенті мен Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халиф бен Заид Әл Нахаян атындағы №84 мектеп-лицейге барды. Мәртебелі меймандар араб тілі кабинетін көрді. Мектеп оқушылары араб тілі мен әдебиетін меңгеруде жеткен жетістіктерін танытты.

Осыдан кейін олар «Астана» халықаралық қаржы орталығына барды. Онда оларға Қаржы орталығының жетістіктері таныстырылды. Содан соң Қазақстан Президенті мен Абу Дабидің Тақ мұрагері «Қазақстан – Біріккен Араб Әмірліктері» бизнес-форумына қатысты. Бизнес форум аясында цифрлық технология дамуына, қаржы, урбанистика және «жасыл» экономика салаларындағы заманауи трендтерге арналған тақырыптық сессиялар ұйымдастырылды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Энергетика, логистика, қаржы, интеллектуалды технологиялар, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа түрлі салада ынтымақтастығымызды кеңейтуге мүмкіндік мол. Осы және басқа да бастамалар екіжақты қарым-қатынастың дәйекті әрі тиімді дамып келе жатқанын көрсетеді.


Екі елдің бизнес өкілдері B2B форматында кездесулер өткізді.  Форумға Әмірліктерден Абу Даби Экономикалық даму департаментінің, Біріккен Араб Әмірліктері сауда-өнеркәсіп палаталарының, сондай-ақ тағы да басқа ірі компаниялардың өкілдері қатысты.