Мемлекет басшысының құттықтауы алматылық соғыс ардагерлеріне жетті. Президенттің лебізін Алматы қаласының әкімі жеткізді. Майдангерлердің әрқайсысын үйіне барып құттықтаған Ерболат Досаев мерекелік медаль мен сыйлықтар табыстады. Қала әкімі ардагерлердің өмір жолы баршаға үлгі екенін атап өтті. Айта кетейік, қазір қалада 21 соғыс ардагері бар.
Ольга Савенко майданға 18 жасында аттанған. Ол Польша мен Германияны азат етуге және Берлин үшін шайқастарға қатысқан. 102 жастағы қария өзін құттықтай келген шаһар басшысын құшақ жая қарсы алып, жылы лебізін білдірді.
ОЛЬГА САВЕНКО, СОҒЫС АРДАГЕРІ:
Маған бәрінен бұрын осы жерде өсіп-өнгенім ұнайды. Біз осы қалаға алғаш келгенде жолдасым тек осы жерде өмір сүремін деген болатын.
Ғасыр жасаған Қамбар Сәрсенов сұм соғыста үш рет жарақат алған. Беларусь, Латвия, Литва және Польшаны азат етуге қатысқан майдангер Жеңіс күнін асыға күтетінін айтты. Ардагер соғыс даласындағы отты кезеңдерді бір сәтке де естен шығармаған.
ЕРБОЛАТ ДОСАЕВ, ҚАЛА ӘКІМІ:
ҚР Президентінің 2025 жылғы 28 сәуірдегі жарлығы бойынша Сәрсенов Қамбар Әмірұлы «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медальмен наградталсын. Қазақстан Республикасының Президенті Тоқаев.
Қала басшысы ардагер Екатерина Баранованың да үйіне ат басын бұрды. Ерболат Досаев соғыста жараланған сарбаздарға медициналық көмек көрсеткен майдангерге шексіз құрмет пен алғыс білдірді. Сондай-ақ Қиыр Шығыста барлаушы болған Василий Долбняны мерекемен құттықтап, көңілін марқайтты. Айтулы мерекеде барлық майдангерге құрмет көрсетілді.