Үндістан Пәкістан аумағына бағытталған әскери соққыларды тоқтатты. Бұл туралы елдің Премьер-министрі Нарендра Моди ұлтқа жасаған Жолдауында мәлімдеді. Оның сөзінше, бұдан әрі Үндістанның әрекеттері Пәкістанның ұстанымына байланысты болмақ. Бұл туралы The Hindustan Times басылымы жазды.
Біз тек Пәкістанға қарсы операцияларды тоқтаттық, болашақ олардың мінез-құлқына байланысты болады, — деді Моди.
Сонымен қатар, Үндістан Қарулы Күштері — армия, әскери-теңіз және әуе күштері — жоғары жауынгерлік дайындықта қала беретінін атап өтті.
Модидің айтуынша, Пәкістанмен келіссөздер тек терроризммен күрес және Кашмирдің Пәкістан бақылайтын бөлігін қайтару мәселесіне қатысты ғана мүмкін.
Asian News International агенттігі Үндістанның әскери құрылымдарындағы дереккөзге сілтеме жасай отырып, екі тараптың шекарадан әскерлерді кезең-кезеңімен кері қайтару мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады.
Еске салайық, 10 мамырда Пәкістан мен Үндістан атысты тоқтату туралы уағдаластыққа келген болатын. АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, бұл бітімге Вашингтонның делдалдығымен қол жеткізілген.
Қарсылас тараптар арасындағы шиеленіс 22 сәуірде Үндістанның Пахалгам қаласының маңында даулы Джамму мен Кашмир аймағында 27 бейбіт тұрғынның қаза болуынан кейін күшейген. Кейін Үндістан Қорғаныс министрлігі 7 мамырда «Синдур» әскери операциясын бастағанын мәлімдеді. Пәкістан тарапы да жауап ретінде Үндістан аумағына зымыран соққыларын жасаған.