Шымкентте "Қауіпсіз жол" іс-шарасы аясында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізуші жедел анықталып, ұсталды. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жедел басқару орталығының қызметкерлері жүргізушінің бірнеше заң бұзушылық жасағанын тіркеген. Ол жол белгілерінің талаптарын елемей, жолда апаттық жағдай туғызған. Сондай-ақ маневр жасау ережелерін бұзып, бағдаршамның тыйым салынған сигналына қарамастан жолын жалғастырған және қарсы қозғалыс жолағына шыққан.
Тәртіп сақшылары құқық бұзушыны дереу анықтап, ұстады. Белгілі болғандай, ер адам бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылған. Ол Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің бірнеше бабына сәйкес жауапқа тартылып, әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар заңсыз қайта жабдықталған көлік айыптұраққа қойылды.
Полиция департаменті тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.