Жамбыл облысының Сарысу аудандық соты бірнеше алаяқтық жасады деген ер адамды 4 жыл6 ай соттады. Соңғы рет ол аттестаттаудан ақша беріп өтпек болған ұстаздарды сан соқтырып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2024 жылдың шілдесінде жеңіл табыс табу мақсатында Шымкент қаласының тұрғыны – азамат Н. «WhatsApp» мессенджері арқылы жалған жарнама беріп, мұғалімдерге біліктілігін арттыру үшін аттестаттау тестінен өтуге көмектесемін деген. Ол Г. есімді мұғаліммен сөйлесіп, өзін «Ермахан» деп таныстырған. 200 мың теңге берсе, біліктілігін арттыруға қажетті тестен өткізіп беремін деген. Алайда, Г. көрсетілген сомасы жоқ екенін айтқан кезде, Н. алаяқтық схемасын соңына дейін жеткізуге тырысып, онымен қайта байланысып, алдымен 50 мың теңгені, ал кейінірек қалған соманы аударуды ұсынды. Жәбірленуші аталған соманы аударған», - деп хабарлайды Сарысу ауданының соты.
Осылайша ол тағы 3 адамды алдап, 500 мың теңге тапқан. Прокурор оны 3 жылға соттауды сұрағанымен, сот оның алдыңғы өтелмеген жазасын есептеп, түпкілікті 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған.