$510.06 €566.32 ₽6.32
×

Трамп: «Түркияға өзім барып, барлығын бақылаймын»

13.05.2025ж. 20:00
59
Трамп: «Түркияға өзім барып, барлығын бақылаймын»

Мен Путин жіберген жандайшаптармен сөйлеспеймін. 15-і мамыр Ыстамбұлда жоспарланған келіссөздер туралы Украина Президенті Владимир Зеленский осылай деді. 3 жылдан бергі алғаш келіссөздерде соғысты біржола тоқтату үшін Дональд Трамп та бармақ. Әйтпесе, "менсіз іс бітпейді", - дейді АҚШ Президенті. Ақ Үй басшысы, жақын арада Қытай талаптарымызға көнбесе, тарифтерді одан сайын көбейтемін, - деп тағы сес көрсетті. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Мен тек Путинмен және Трамппен сөйлесемін. Бірақ, қалай болғанда да Түркияға барамын. Украина Президенті Владимир Зеленский осылай деп мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, соғысты тоқтатуға нақты қадам жасап жатқан тек Украина ғана.

ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:

Ресей тарапынан шешім қабылдай алатын тек бір адам ғана бар. Мен 15-і мамыр күні Ыстамбұлға барсам да, тек Путинмен ғана сөйлесемін. Ол жандайшаптарын жіберіп, уақыт соза аламын десе қателеседі. Ал, бұл келіссөздерден ешкім жалтармауы үшін Трамп мырзаның өзі қатысқаны жақсы болар еді.


Зеленскийдің осы сөзін естісе керек, АҚШ Президенті де бұл келіссөздерге қатысатынын жеткізді. Таяу Шығыс елдерінде жұмыс сапарымен жүрген Трамп, Түркияға соғып, барлығын өзі реттеймін, - деп уәде берді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Менің жұмысым өте көп. Бірқатар кездесу жоспарлап қойдым. Бірақ, қайтсем де, 15-і мамыр Түркияға барамын. Біржолата осы істі тындырып, мыңдаған адамның өлімін тоқтатуға өзім атсалыспасам болмайтын секілді. Сондықтан, осындай шешім қабылдап отырмын.


Трамп, Украинадағы соғыс қана емес, Қытаймен арадағы «Сауда соғысын» да тоқтатуға дайын. Женевадағы келіссөздердің сәтті өткенін айтып, Трамп, жақын арада өзі Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесетінін жеткізді.
 
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен осы апта соңында Си Цзиньпинмен кездесемін. Біздің министрлер жақсы нәтижеге қол жеткізді. Қытай біз үшін ашық болуы керек. Бірақ, осы 90 күн ішінде біздің талаптарға көнбесе, бұдан да үлкен санкциялар қолданамын.


Айта кетейік, күні кеше Швейцарияда болған келіссөздер нәтижесінде, АҚШ Қытайға тарифтер бойынша 30 пайыздық жеңілдік жасаған. Бірақ, ол тек 90 күн күшінде болады.