Ал Қарағанды қаласында 8 көпқабатты үй мен жеке сектор жарыққа жарымай отыр. Киловатт тапшы. Сымдар ескі. Салдарынан жарық жиі сөнеді.Электр құралдары жанып кетеді. Бұл проблеманы жылдар бойы әкімдіктер мен қызмет көрсетуші компаниялар бір- біріне сілтеп келеді.
Бұл -қала ішіндегі ескі аэропорт маңайы. Жер астында кабель үзіліп, салдарынан жұрт 2-3 күн жарықсыз қалды. Энергияның ақысын «Қарағанды жарыққа» төлегенмен қызмет көрсетуші компания басқа екен. Оны таппаған соң ақыры өздері маман жалдап сымды әрең жөндетіпті.
ТАМАРА КУЛАКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Мына жерде 10 киловольттық екі кабель бар. Қазір екеуі де істен шыққан. Өз адамымыз қазып. Жөндеп шықты. Тұрғындар ақша жинап бердік.
8 көпқабатты үй мен жеке сектор тұрғындары және осы маңайдағы дүкен, шаштараз, аптека, автобазарлар жылдар бойы жарыққа жарымай келеді. Ескірген сымдар жиі үзіледі. Электр құралдары істен шығады. Тұрғындар жарық таратушы компаниялардың атауынан шатасады, қалалық тіпті облыстық әкімдікке дейін шағымданған. Алайда олар бір- біріне сілтеп хат жолдаудан аспаған.
НАТАЛЬЯ МУХТАРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Токтың кернеуі секіріп тұрады. Бір пәтерде 300, келесісінде 200, 190.Шәйнек, үтіктер жанып жатыр. Жарық үшін ақша төлеп отырған мекеме сымдарды жөндемесе, әкімдік ештеңе білмесе сонда тұрғындар не істей алады?
ЛАРИСА БАРЦЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Облыс әкіміне дейін жеттік. Облыс әкімінің өзі бізді қабылдамады, бірақ орынбасары қабылдады. Барлық әкімдіктер біздің проблемамызды біледі. Бірақ бір шешім қабылдамағанына қатты ренжиміз.
Қалалық әкімдік баспасөз қызметінің хабарлауынша, желі жеке компанияның меншігінде. Ол сымдарын басқа біреуге сатып жіберіпті.
ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
ЖШС қожайыны сымдар желісі мен қондырғыларын жаңартпаған. Салдарынан апаттар жиі тіркелді. Қарағанды қаласының әкімдігі жарықты қосуға көмектесіп келдік. Қазір кәсіпорынды жаңа инвестор сатып алып жатыр.
«СервисЦентрБастау» ЖШС –нің жаңа өкілінің айтуынша, желі наурыз айынан бері оларға тиесілі. Жаңа қожайын сымдарын қарауды енді қаладағы ең үлкен «Қарағанды Жарық» компаниясына тапсырмақшы.
АЗАМАТ СЕЙІЛБЕКОВ, «СЕРВИСЦЕНТРБАСТАУ» ЖШС ӨКІЛІ:
Қазір біз қызмет көрсету жағын толығымен «Қарағанды Жарыққа» бермекшіміз. Келісімшарт жасалу үстінде. Өйткені бізде энергетик, диспетчерлік пункт жоқ. Тұрғындар қиналмау үшін осылай жасаймыз, кішкене уақыт қажет.
Жаңа қожайынның сымдарды пайдалануға бергені болмаса жөндеу жоспары әзір жоқ сыңайлы. Жағдай «ҚарағандыЖарыққа» өткен соң түзеле ме, жоқ па? Оны уақыт көрсетеді.