Желідегі жаназа жұртты шошытты. Әлеуметтік желіде тараған видеода марқұмды шығарып салу рәсімінде жақындарының ақша шашқанын байқауға болады. Бұл - 103 жасқа келіп о дүниеге аттанған қарттың жолын берсін деген ырым дейді өздері. Бірі мұндай салт ежелден бар десе, енді бірі «бұл той емес» деп дау шығарған. Толығырақ әріптесім Аружан Задабек «Өзекті» айдарында айтады.
Қайырылы кеш, көрермен! Өзекті тақырыптарды бірге талқылаймыз. Экраннан алыс кетпеңіз.
«Тозбасты ұста соқпайды, өлместі Құдай жаратпайды», дейді халық. Шынында да өлімнің келетіні ақиқат. Ислам дінінде, мыңжылдықтардан бері келе жатқан қазақтың әдет-ғұрпында қайтыс болған кісінің кәдесін атқарудың өзіндік тәртібі бар. Бертін келе бұл түрленіп, әр өңір әртүрлі жасайтын болды. Жыртыс таратады, киімдерін үлестіреді. Енді кей жерлерде ақша шашу деген ырым да бар екен. Мына видеода оны анық байқауға болады. 103-ке келіп, қайтыс болған ананың жаназасында жақындары осылай ақша таратыпты. Ондағы ой – қарттың жасын берсін деген ниет екен.
БЛИЦ:
- Иә, дұрыс, қария кісілер өмірден өткенде тиын шашатын. Біздер кішкентай болатынбыз. Одан бері 45 жыл өтті.
- Ерсі көрінеді. «Үлкен кіс қайтса – той» дейтіндерді түсінбеймін. Қайдағы той? Қаншаға келсе де қазаның аты қаза ғой.
- Бір танысымызға осылай шаш дегенде, «200-ге келіп өлсе де, өлген менің шешем, қимаймын, қайғырамын» деп әдеппен шығарып салған.
Жерлеуді былай қойғанда, тойдағы қазақ та ел-жұртқа мазақ болып жүр. Ерсі қылықтары елді елең еткізбей қоймайды. Бұған дейін талай видео тарады. Түр-түрін көрдік. Ендігі кезек – тойға қорқор тартып шығуға келіпті. Әлеуметтік желіде тараған бұл видео жұрттың назарын бірден аударды. Дарақылыққа теңеп, жігіттің жер-жебіріне жетіп жатыр.
БЛИЦ:
- Кедейдің кербезінен сақта деген.
- Біреу тойып секіреді, ал біреу тоңып секіреді.
- Мынаны қоғамдық орында қорқор шеккені үшін үш айға қамап, айыппұл салып жіберу керек. Кешірім видеосын салдыру керек. Сонда қайталамайтын болады.
Біраз уақыт бұрын P.Diddy-ге қатысты жаңалық желіні шулатып еді. Жұрт өздерінше үкім шығарып, ақ-қарасын анықтауға тырысты. Қысқасы, біркездері Алматыдағы балалар үйіне келген әнші қазақстандықтардың есін, екеу, түсін төртеу қылды. Атақты америкалық қатысты сот отырысының алғашқы кезеңі аяқталыпты. Ұзақ жылдар бойы музыка индустриясында ең ықпалды тұлғалардың бірі болған Комбс енді өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.Сотқа 12 алқаби қатысып жатыр. Рэперді қолдауға анасы Дженис пен балалары келген.
БЛИЦ:
- Мә, қанша миллион доллар ұсынса да шыға алмай отыр түрмеден. Қандай заң!
- Есепсіз байлықтан адам жынданып кетуі мүмкін. Ақыл-лйын басқара алмай.
- 25 жыл бойы тойлатып келе жатыр ғой. Осы жыл – карма жыл. Енді құсады, барлық ісі үшін.
Құрметті көрермен, бүгінге осы. Сау болыңыздар!