$510.06 €566.32 ₽6.32
×

«Ұлы дала жорығы» халықаралық марафонының төртінші күні аяқталды

AstanaTV
13.05.2025ж. 20:00
130
«Ұлы дала жорығы» халықаралық марафонының төртінші күні аяқталды

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафонының төртінші күні аяқталды. «AMANAT» партиясының қолдауымен Алматы облысы әкімдігі және Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған бес күндік ат жарысы ертең мәресіне жетеді. Жомарт Түзелбай бәсекенің барысы туралы баяндайды.

5 күнге жоспарланған жарыстың 4-ші күні өз мәресіне жетті. 19 командадан қазір тек 9-ы ғана жарысты жалғастыруда. Ал шетелдік топтардан тек көршілер Қырғызстан елі ғана қалды. Жарыс бақылаушыларының айтуынша биылғы жарыста ешқандай тәртіп бұзушылықтар орын алмаған.

СЕРІК ӘБЖАНОВ, ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ БӘЙГЕСІНІҢ БАС ТӨРЕШІСІ:

Сырттан келген қаншама қонақтарымыз бар. Басқа дүниелер бар. Сын көз сырттан көп. Солардың барлығына сөзге қалдырмай, өздері сөзге қалмай тәртіпті сақтау арқылы осы күнге дейін дәл қазір осы уақытқа дейін бірде бір айыппұл салынған жоқ.


ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Жарыстың ережесіне сәйкес  ұйымдастырушылар мен қатысушылар әрбір мәреде аялдап, тынығып алуға мүмкіндік алады. Ал кешкі ас ішілгеннен кейін олар үшін арнайы мәдени бағдарламалар ұйымдастырылған. Қазір, міне, көріп тұрғандарыңыздай, сахна құрылып жатыр. Бұл жерде кешке жергілікті өнерпаздардың концерттік қойылымдары өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар спортшылардың сергіп, келесі кезеңге тың күшпен шығуына оң әсерін тигізеді.


НҰРЛАН ЕРТАС, ЖАМБЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл бір тарихи сәт. Тек қана өзіміздің ұлттық спортымызды ғана дәріптеп отырған жоқпыз осымен мәдениетімізді де, руханиятымызды да көрсетіп, елге паш етіп отырмыз. Мақтаныш. Сондықтан алдағы уақытта бізге осы жерде Ұлы Дала Жорығы аттың дүбірі шыққан, шаңы шыққан осы жерде, осы маршрутта жүрген деп ертең бізде өскелең ұрпақтарға айтып жүру үшін үлгі өсиет өнеге көрсетуіміз үшін де керек шығар.


Үш күннің қорытындысы бойынша Батыстық шабандоздар 300 шақырымды 18 сағат 35 минутта бағындырып, жалпы есеп бойынша көш бастады. Команда капитанының айтуынша жолда кездескен қиындықтарға мойымай, тұлпарымыздың жағдайын жіті бақылап, соңғы кезеңдерге күш сақтап келеміз дейді.

НҰРСҰЛТАН ОМАР, МАҢҒЫСТАУ КОМАНДАСЫНЫҢ КАПИТАНЫ:

Жеңіске деген ұмтылыс жақсы әрине. Қазір пока что 1-ші келе жатырмыз. Әліптің артын бақ дейді ғо. Сомен жәйлап ұстап келе жатырмыз пока что. Соңғы 100 км ге күшін сақтаймыз ғо аттардың.


500-шақырымдық дала төсіндегі дүбірлі доданың нақты қорытындысы соңғы 100 шақырымда анықталмақ. Бәрінің де жеңістен үміті зор. Дегенмен көпшілік қатысушылар өзара сыйластықты ту етіп, халықаралық деңгейдегі сайыстың беделін арттыруға ат салысып жүр.