$510.06 €566.32 ₽6.32
×

Грекия маңында күшті жер сілкінді: Цунами қаупі жарияланды

AstanaTV
14.05.2025ж. 14:29
84
Грекия маңында күшті жер сілкінді: Цунами қаупі жарияланды

Грекиядағы Касос пен Крит аралдарының арасында күшті жер сілкінісі болып, цунами қаупі жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап.

Жер сілкінісінің магнитудасы 6,1 баллға жетті. Дүмпулер Додеканес аралдарында да сезілді. Цунами туралы ескерту жарияланды.

Мамандар бұл жер сілкінісін "өте күшті" деп сипаттады. Ол сейсенбіге қараған түні теңіз акваториясында, Грекияның Касос аралынан оңтүстік-батысқа қарай 19 шақырым жерде, немесе Крит аралының шығысында болған. Афина ұлттық обсерваториясы жанындағы Геодинамикалық институттың мәліметінше, зілзаланың ошағы 64,4 шақырым тереңдікте орналасқан.

Ал Германияның Геология ғылымдары зерттеу орталығы (GFZ) зілзаланың қуатын 6,3 балл деп бағалап, тереңдігін 83 шақырым деп көрсетті.

Афина-Македония жаңалықтар агенттігінің хабарлауынша, жерасты дүмпулері бүкіл Додеканес аймағында және Крит аралының шығысында сезілген.

Алдын ала мәліметтер бойынша, көмек сұраған қоңыраулар тіркелмеген және әзірге материалдық шығын туралы ақпарат жоқ. Алайда құтқару қызметінің көліктері жағдайды нақтылау үшін аймақты патрульдеп жүр.

Алдын алу шарасы ретінде цунами қаупі туралы ескерту жасалды.

Зілзалаларға қарсы жоспарлау және қорғаныс агенттігінің басшысы Эфтимиос Леккас ERTNews арнасына берген сұхбатында, бұл зілзала Грекия доғасы аймағында – Еуропа мен Африка литосфералық плиталары түйісетін жерде болғанын айтты.

ertnews.gr порталының мәліметінше, бұл ірі жер сілкінісінің басты ерекшелігі – оның ошағының шамамен 60 шақырым тереңдікте орналасуы. Мұндай зілзалалар ұзақ дүмпулермен жалғаспайды және оқшау күйде өтеді.

Леккастың айтуынша, бұл дүмпулер Санторини аралындағы немесе жуырда Түркияда болған жер сілкіністерімен еш байланыссыз.