$506.21 €568.42 ₽6.3
×

“Мұғалімдер де бүгін толық дайын емес”: Аймағамбетов өзекті мәселе көтерді

AstanaTV
14.05.2025ж. 18:42
76
“Мұғалімдер де бүгін толық дайын емес”: Аймағамбетов өзекті мәселе көтерді

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Үкіметке жолдаған сауалында жасанды интеллектті күнделікті қолдану мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көз алдымызға жүргізуші куәлігін алмаған, оқымаған адамның көлікке, рөлге отырғанын елестетсек. Жүргізуші жол ережесін білмейді, бағдаршам жоқ, жол жоқ. Тіпті ереже де жоқ. Әрине, мұндай жағдайда апаттың болуы айдан анық. Бүгін мектеп оқушыларының жағдайы дәл осындай. Олар ChatGPT, Gemini сияқты жасанды интеллект құралдарын белсенді қолданып жүр. Үй тапсырмасын орындайды, шығарма жазады. Бірақ оларға бұл құралды қалай дұрыс, этикалық және тиімді қолдану керектігін ешкім үйреткен жоқ, үйретіп жатқан да жоқ. Нәтижесінде көшіріп алу, үстірт ойлау, дайын жауаптарға тәуелділік. Біз көлікке тыйым салмаймыз ғой, керісінше жүргізуді үйретеміз, жол ережесін оқытамыз, емтихан тапсырады, бағдаршамның белгілері бар. Міне, жасанды интеллект бойынша да осындай саясат болу керек деп санаймыз, – дейді ол.

Депутат қазір дамыған елдер жасанды интеллекті оқытуды мектеп бағдарламасына енгізіп жатқанын мысалға келтірді. Сөзінше, Бейжің мектептерінде ЖИ бойынша сабақтар жылына кемінде 8 сағат көлемінде оқытылады. Бұл пән міндетті болып есептеледі. Эстония – еуропалық үздік білім беру жүйесі. 2024 жылдан бастап оқушылары ChatGPT-ді қолданып, мұғалімдер арнайы курстардан өткізілді. АҚШ-та ең алпауыт, ең инновациялық компаниялардың 250-ден астам басшысы ашық хатқа қол қойып, ЖИ-ді мектеп бағдарламасына енгізуді талап етуде.

Ал бізде ше? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектің дамуына баса назар аударып, елде өте үлкен, ауқымды жұмыс жасалуда. Депутаттар арнайы заң дайындап, оны қазір ғана мақұлдадық. Бірақ ChatGPT сияқты жүйелердің шыққанына 2 жылдан көп уақыт өтсе де, біздің мектептерде ЖИ-ге қатысты жүйелі оқыту, әдістеме, бағдарлама әлі де жоқ. Ашығын айтсақ, балалар бұл технологияларды баяғыдан қолданып жүр. Олар үй тапсырмаларын ChatGPT-мен орындап, оны шпаргалка ретінде қолдануда. Ең өкініштісі, біз оларға оны дұрыс, этикалық, адал түрде пайдалануға үйретпедік. Нәтижесі қандай? Сауатсыздық, дайын жауаптарға тәуелділік, көшіріп жазу, сыни ойлау мен анализ дағдыларына үлкен нұқсан келтіруде. Мұғалімдер де бүгін толық дайын емес. Нақты бағыт-бағдары жоқ. ЖИ-ді пайдалану, бағалау сияқты да ештеңе қалыптаспаған, - деп ойын айтты мәжілісмен.

Депутат мынадай ұсыныстар жасады:

Бірінші: ЖИ-ге қатысты ұлттық білім беру саясатын қалыптастыру, жасанды интеллектті білімге қалай, не үшін және қандай деңгейде енгізілу керек – соны анықтайтын нақты тұжырымдамалық құжат керек.

Екінші: ЖИ-ді білім мен ғылымда қолдану саясатын әзірлеуіміз керек.

Үшінші: Мектеп бағдарламасына, университеттерге ЖИ енгізу бойынша жол картасын бекіту керек.

Төртінші: Оқыту бағдарламаларына ЖИ бойынша модульдарды енгізіп, этика, сыни ойлау және ақпараттық гигиена сабақтарына көбірек көңіл бөлуіміз керек.

Бесінші: Мұғалімдерді арнайы даярлықтан өткізу.

Алтыншы: Жұмыстарды бағалауға қатысты регламент жасау, академиялық адалдық талаптарын жаңарту.

Жетінші: Білім саласына ЖИ бойынша бір республикалық мекеме негізінде ұлттық әдістемелік орталық құру.

Сегізінші: AMANAT партиясының арнайы жобасы шеңберінде ата-аналарға, оқушыларға, мұғалімдерге ашық-онлайн курсын дайындап, тиісті іс-шаралар өткізу.

McKinsey мәліметі бойынша, 2030 жылға қарай қызметкерлердің 70%-ы өз жұмысында жасанды интеллект құралдарын күнделікті қолданады. ЖИ-мен жұмыс істей алмайтындардың орнын оны меңгергендер басады. Егер біз жедел шаралар қабылдамасақ, технологиялық көштен қалып, балаларымыз бәсекеге қабілетсіз болатыны анық. Оқушыларды ЖИ-ді пассивті тұтынушысы емес, оны сауатты, тиімді, дұрыс этикалық қолданушы етіп, тәрбиелеуіміз керек, - деп санайды депутат Аймағамбетов.