Мемлекет басшысы Армения Ұлттық жиналысының төрағасы Ален Симонянды қабылдады. Президент мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, Армения Парламенті Спикерінің сапары екіжақты ынтымақтастықты тереңдету тұрғысынан маңызға ие екенін айтты. Ален Симонян қонақжайлық танытқаны үшін Мемлекет басшысына және Қазақстан халқына шынайы ықыласын жеткізді. Ол екіжақты диалогтың басты тетіктерінің бірі ретінде парламентаралық ықпалдастықты нығайту мен сенімді саяси серіктестік орнатудың мәні зор екеніне тоқталды. Армян тарапы орайлы сәтті пайдалана отырып, Қазақстанның Армения мен Әзербайжан арасында бейбітшілік орнатуға күш салғаны үшін алғыс айтты. Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ален Симонян екі елдің әл-ауқаты мен өрлеуі жолында қазақ-армян қарым-қатынасын жан-жақты нығайтуға бейіл екенін растады.