Таразда жұмыс бабымен жүрген алматылық депутат соққының астында қалды. Алматы облысы Іле ауданының мәслихат депутаты Нұрлан Байғазиновты тапа тал түсте сабап кетті. Халық қалаулысы облыстық полиция департаментінің маңындағы дәмханалардың біріне түстеніп, ұялы телефонын қуаттамақ болған кезде жанжал туындаған.
Сол жақ бетіме соққының қатты тигені соншалық, есеңгіреп есімнен танып қалдым дейді депутат. Жәбірленуші, жұдырығын ала жүгірген азамат жалаң қолмен ұрған жоқ деп отыр. Себебі, жедел жәрдеммен жеткізілгенде дәрігерлер рентгенге түсіріп, бет сүйегі сынып, миының шайқалғанын анықтапты. Жарақатын танып, қажетті барлық медициналық көмек көрсетілген соң депутат ауруханаға жатудан бас тартқан. Халық қалаулысы бұл жайтты бей жай қалдырмаймын деп отыр. Бұзақылық жасаған азамат қамауға алынған.
ГҮЛСАРА МҰХТАРҚҰЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 293-бабының 1-бөлігімен (Бұзақылық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Орын алған бұзақылық қылмысына қатысы бар азамат анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша оқиғаның мән-жайын жан-жақты және толық зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде.