$506.21 €568.42 ₽6.3
×

Алматыда екі қыз 21 жастағы бойжеткенді 7-ші қабаттан итеріп жіберіп, өлтірген

AstanaTV
14.05.2025ж. 20:00
62
Алматыда екі қыз 21 жастағы бойжеткенді 7-ші қабаттан итеріп жіберіп, өлтірген

Алматыда екі қыз 21 жастағы бойжеткенді 7-ші қабаттан итеріп жіберіп, өлтірген. Оқиға осыдан бір жыл бұрын болған. Күдіктілерді қамауға алу туралы қаулы шықса да, екеуі әлі бостандықта жүр. Іс неге жылы жабылды? Айдана Шалқар тарқатады.

21-ге енді аяқ басқан Ақнәр Гүлстан бес тілді жетік меңгерген, КИМЭП университетінің үздік түлегі еді. Марқұм әлемдік нарықтағы ірі компаниялармен бірлесе жұмыс істеген, саудамен де айналысқан. Арманы асқақ арудың тағдыры былтыр қыршыннан қиылды. Марқұмның анасының айтуынша, оқиға болған күні түнгі 2-лер шамасында Ақнәрдың телефонымен бір қыз хабарласып,  өлтіріп жатқанын айтқан. Одан кейін, туыстарына аудиохабарлама жіберіпті. Сорақысы, күдіктілер марқұмды азаптап жатқандарын Ақнәрдың телефонына түсірген. Жәбірленушінің шашы мен тырнағын жұлып, денесін әбден тістеп, қылқындырған. Марқұмның туыстары бұл қасақана ұйымдастырылған қылмыс екені бейнежазбада тайға таңба басқандай көрініп тұрса да, күдіктілердің бостандықта тайраңдап жүргеніне қапалы.

ГҮЛСТАН ҚАМИТ, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Экспертизаның нәтижесі шығады. Бір қызда мас, енді бір қызда да спирт шыққан, ал менің қызымда спирт жоқ. Ал енді экспертизаның нәтижесінде тек қана иығынан құлағына дейін сырылған із бар деп қана жазған. Мен айтам, мыналар қайда деп? Даже тергеуші бұл материалдарды медициналық экспертизаға өткізбеген.


Көршілер қыздың жан айқайы шыққан сәтте «бұл күйеуі мен әйелінің кезекті жанжалы» деп ойлап, араша түспепті. Куәгерлер: «Марқұм құлағаннан кейін де тыныстап жатты» - дейді. Бірақ тіл қатуға шамасы болмаған. Ақырында жан сақтау бөлімінде көз жұмыпты.  «Құзырлы орган екі азаматшамен 6 минут қана тергеу жүргізген» - дейді Ақнәрдың анасы. Прокуратура айыпталушыларды қамауға алу туралы қаулы бекіткен. Бірақ олар қазір  жазаларын өтеп жатқан жоқ.

ИНГА ИМАНБАЙ, ҚОРҒАУШЫ:

Іс бір ғана баппен, өзін-өзі өлтіру бабымен қозғалған. Бірақ бүкіл дәлелдер, видео дәлелдер, фото дәлелдер қыздың 7-ші қабаттан құлағанға дейін ұрып соғылғанын, азапталғанын растайды. Осындай дәлелдер бола тұра, 10 айдан бері неге іске азаптау бабы қосылмаған?


Қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы қылмыстық іс тіркеген. Қазір оқиғаның толық көрінісін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүріп жатыр.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Тергеу шеңберінде материалдар жинақталып, талдануда. Куәлардан жауап алынуда, бейнежазбалар зерделенуде. Заңда көзделген басқа да іс жүргізу әрекеттері орындалуда. Тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында. Оның нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнама аясында шешім қабылданатын болады.


Айта кетейік, екі күдікті Қытайдан көшіп келген көрінеді. Екеуі де КИМЭП университетінде білім алған. Қазір оларға бақылау орнатылған, яғни Қазақстаннан шыға алмайды. Марқұмның туыстары олардың заң жүзінде жауапқа тартылып, әділ жазасын алғанын талап етіп отыр.