Дональд Трамп тағы бір тарихи шешім қабылдады. Ол жақын арада Сириядан санкцияларды алып тастаймын деп уәде берді. АҚШ Президенті Сауд Арабиясына сапары барысында қазіргі Сирия басшысымен де кездесіп үлгерді. Трамп Иран айтқаныма көнсе, олардан да барлық санкцияны алып тастаймын деп отыр. Бірақ, Иран ол үшін ядролық бағдарламасынан бас тартуы керек. Ал, Украина Президенті Владимир Зеленский 15-і мамыр Түркияда Путин қитұрқылық жасап, келмей қалуы мүмкін. Бірақ, мен барлығына дайынмын, - дейді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
1979-ы жылдан бастап алғаш рет АҚШ Сириядан санкцияларды алып тастады. Дональд Трамп тарихи шешім жасады. Сауд Арабиясына сапары барысында, қазіргі Сирия басшысы Ахмед аш Шараамен де кездесті. Бұны естіген Сирия халқы көшеге шығып, бөрігін аспанға атып қуануда.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сирия демократиялық жолмен өзінің ұлы мәртебесін қайтару керек. Сол үшін осындай шешімге келдім. Маған Түркия Президенті мен Сауд Арабиясының ханзадасы кепілдік берді. Сирия енді нағыз демократияға аяқ басады. Сондықтан, мен қуана көмектесемін.
Трамп Иранға да ұсыныс жасады. АҚш Президенті Ислам республикасынан да санкцияларды алып тастауға әзір. Бірақ, ол үшін Иран өзінің ядролық бағдарламасынан бас тарту керек.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Иран жарқын болашаққа қадам жасай алады. Мен бұған сенемін. Бірақ, олар менің айтқаныма көнуі керек. Мен Иранға жақсы мүмкіндік сыйлаймын. Алайда, келісімге қол қоймаса, бұдан да нашар халге душар етемін.
Путинді саяси диалог алаңында жеңемін. Украина Президенті Владимир Зеленский осылай деді. Оның айтуынша, екі Президент кездессе, соғысты тоқтату мен тұтқындар алмасу туралы екі мәселе ғана көтеріледі. Бірақ, Зеленскийдің айтуынша, Путин одан қашып жүр. 15-і мамыр Түркияда да, осындай қитұрқылық болуы мүмкін, - дейді Украина басшысы.
ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:
Егер Путин Ыстамбұлға келмей қалатын болса, бұл оның саяси жеңілісі. Бүкіл әлем осыған куә болады. Келсе де, жеңеді деп айта алмаймын. Бірақ, келген жағдайда ол бейбітшілікке деген ұмтылысын дәлелдей алатын еді.
Путиннің Түркияға келуін Трамп та күтіп отыр. АҚШ Президенті: «Егер, екі Президент Түркияда бас қосса, өзім барып қатысамын», - деді.