Құдайы ас беру де бәсекеге айналды. «Ел күліп кетеді» деп жиған тергенін соңғы тиынына дейін санап береді. Шаш етектен шығынға батып, соңында несиеге бас ұратындар да жетерлік. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұны қалай доғарса болады деп мың ойланып, бір шешімге келіпті. Бүгін «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу» жөніндегі құжатты қабылдады. Имамдар бекіткен ас мәзірінде не бар? Жаңа тәртіп туралы Аружан Задабектің материалы.
Қазан-қазан ет, қатар-қатар дастарқан. Құдайы ас демей, жаназа демей үстелді жайнатып жіберу дәстүрімізге дендеп енген. Мұндайда «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген атам қазақ қалай бәрін біліп айтып кеткен дейсің. Барын беріп, жетпегенін желкесінен шығаратын жұрт ас та төк тағам даярлауға әбден құмыртып алған. Олар дінде ысырапшылдыққа жол жоқ екенін білмейді емес, біледі. Сонда да даңғазалық пен дарақылықты доғара алар емес.
БЛИЦ:
- Жарысады ғой қазіргі заманда. Әркім өзінше. Шындап келгенде ол бәрі ысырап.
- Қазақ бірінен бірі қалғысы келмейді ғой.
- Қаралы болып жатқан үйде құдалық, той сияқты дастарқан жасайды. Басқа адамдардан қалғысы келмейді.
Мәселе әбден ушықты. Имамдар «шашылмайық» деп қанша шырылдаса да жұрт білгенін істеумен болды. Амалы таусылған дін өкілдері нақты құжат қабылдауды жөн санапты.
Сонымен ҚМДБ құдайы ас дастарқанына қойылатын тағам түрлерін бекітті. Олар: нан, шәй, су, ыстық тағам, сары май, тары, талқан, қант. Кәмпит қоямын десеңіз де рұқсат.
НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ:
Ас беру бәсекеге айналып бара жатыр. Сондықтан ас беру адам баласын қиындыққа кеңелтпеу керек. Ас беру қайтыс болған адамның рухына сауабы тиетін, қайтыс болған кісілердің жақындарының көңілін жұбататындай дәрежеде өтуі тиіс.
Қазір қайтқан адамның қырқында, жүзінде, жыл садақасында тост айтып, сөз сөйлеу үрдіске айналған. Тіпті, мейрамханаға жиналған жұрт марқұм туралы еске алу бейнеролигін тамашалайды. Тамада жалдайтындары да бар. Құжатта естелік видео көрсетуге қатысты қарсылық жоқ. Тек марқұмның суреттерін іріктеп таңдауға кеңес берді. Аллаға қарсы шығатын бейнелер болса толық тыйым салынады.
БАТЫРЖАН МАНСҰРОВ, ҚМДБ УАҒЫЗ-НАСИХАТ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Бір тәртібіне мына нәрсені жаздық. Бірінші – уақытынада басталып, уақытында аяқталуы. Құранды имам оқу. ҚМДБ жұмыс істейтін, ресми имамды шақыру, имам сол жерде Құран аяттарын оқу, батасын жасау. Тәртіпке тағы бір нәрсе келтірдік. Ақсақалдардың батасын келтірдік.
Иә, қоғамның бай, кедейге бөлінуі баяғыдан бар. 1803 жылы берілген Сырым Датұлының асында 2,5 мың қой, 200 жылқы сойылып таратылған. 5 мың шелек қымыз ішілген. Шай, қант пен тоғыз нарға тоқаш артып, шекті Көтібар батырдың өзі келген. Паң Нұрмағамбет те елдің есінде әкесі Сағынайға ас беруімен қалғанын білесіз. 500 киіз үй тігіліп, оған 500 бұқар кілемі ілінді. 5 тонна шай әкелініп, жаңа ыдыс-аяқтар Ташкент пен Қазан қалаларынан алынды. 20 мың қой, 1000 жылқы сойылған. Қазір де дастарқанның үстінен бос орын таппайсыз. Соңында рәсуа болып қалады. Ата-бабаларымыз «астың кепиеті болады, обалы ұрады» деп ысырапшылдықтан сақтаған. Сондықтан құдайы ас байлық бәсекесіне айналмауы тиіс.