Несие өлгенге де тыныштық бермейді. Табытпен топыраққа көмілсең де мемлекет алдындағы қарызыңды өтеуің тиіс. Бір тиыны қалып кетпесін деп қадағалайды, тіпті. Өзің құтылып үлгермесең мұра ретінде ұрпағыңның өтеуі шарт. Ал, егер бас тартса ше? Заң бойынша марқұмның қарыздарын кім, қалай өтеуі керек? Толығырақ әріптесім толықтырады.
Жақынынан айырылып, қара жамылған жанұя жақынын жоқтап та үлгермейді. Бір жағынан көңіл айтқан қонаққа дастархан жайса, енді бір жағынан мемлекет келіп мазаны алады. Өтелмеген несиесі болса өкіріп жылауға уақыт жоқ. Өксігін тия сала, банктерді жағалайды. Көз жасын сығып алып құжаттарын дайындауға көшеді. Өз-өзіңе келуге де мүмкіндік бермейді. Өйткені Үкімет өлгені туралы анықтаманы қолына алмайынша кредит үстемақысын өсіруін тоқтатпайды.
Негізі кредит рәсімдеген кезде сақтандыру қарастырылған. Алда-жалда өмірмен қош айтыссаң алған қарызың толық кешіріледі. Жоқ дегенде белгілі-бір мөлшерде азаяды. Бірақ бұл көмекті бірі білсе, бірі білмейді. Банктің есіне өзің салмасаң, өз еріктерімен айтпайды. Бұл - кәдімгі «сұрамаған балаға тамақ жоқ» дегеннің кейіпі. {Өзің ізденіп, талап еткеннен кейін де оңайлықпен шешілмейді мәселе. Бітпейтін құжат, «анда бар, мында кел» деумен-ақ шаршатады. Сонша сандалтқан соң шешілсе мейлі ғой. Мың сылтау айтып, жабырқаған көңілді одан әрі құлазытып шығарып салады.
САНДУҒАШ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:Сақтандыру болса кредиттері кешіріледі деген. Кешірілу керек екен негізі. Сақтандыру компаниясынан маған бір айдан кейін хат келді. Ол қандай да бір диагнозы болса сақтандыру төленбейді екен. {Мысалы, ол өмірін сақтандырғаннан кейін қандай өліммен қайтыс болса да сақтандыру төлену керек шығар деп ойлаймын.
Тірілерді былай қойғанда, өлілердің құқығы тапталды дейді кейіпкер. Бәлкім «өзі жоқтың, көзі жоқ» деген осыған қатысты айтылған болар. Банктер білгенін істеп әлек. Кімге кешірім береді, кімнен еселеп алады, өздері би, өздері қожа. «Оның диагнозы кешірім беруге келмейді» деп шорт кесетінің қайтесің!? Кім қалай өлсе де, сақтандырылғанның аты сақтандырылған емес пе? Әлде мынау бай, мынау кедей деген бөлініс марқұмдарға да жетті ме?
ҒАДІЛБЕК ӘКІМ, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:Мұрагерлікке өтетіннің алдында ойлану керек. Мен тек қана мүлікті аламын, бірақ қарыздарын, коммуналдық, салықтық қарыздары болуы мүмкін, оларды төлемеймін деген болмайды. Түгел өтеуі керек болады заң алдында. Ол кісінің міндеттемелерін де орындау керек болады.
Қысқасы, несие де - мұра. Қарызы болса оны әйелі не балалары өтеуге міндетті. Бірақ, мұрагерліктен бас тартуға да болады. Егер банк сақтандыру арқылы кредитін кешірмесе оның қарызын зейнетақы қорына жиналған ақшамен өтеуге рұқсат.
НҰРЛАН ЖАНАБАЕВ, ЗАҢГЕР:Егер де олар «бізге ештеңе керек емес, біз бас тартамыз» десе қалған мүлікі де, көлігі де, несиесі де мемлекетке өтіп кетеді.
Бірақ біздің халық жүрегі жылап тұрса да,о дүниеде жақынына жүк болмасын деп қарызын тиынына дейін өтеуге тырысады. Өйткені, бұл - шариғат бойынша құп көретін іс.
ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ:Қайтыс болғаннан кейін артынан мал-дүние қалдырған мәйіттің қарызын кепілдікке алуға шариғат рұқсат етеді. Бұл жауапкершілікті өз міндетіне алған марқұмның туысы немесе басқа да адам мәйітке тиесілі мал-мүлік есебінен оның қарызын өтейді. Қарыз толық өтелумен мәйіт өз міндетінен құтылады.
Ал жақыныңыздың мемлекет алдында ешқандай берешегі болмаса, оның жұмыс істеп жиған теңгесін шешіп ала аласыз. Мұны да жауаптылар айта бермейді. Үкіметтің теңгесін аяйды ма, әлде өлді ғой деп өктемдік ете ме, қайдам. Осындайда «Өлі разы болмай, тірі бойымайтынын» ұмытпасақ деймін. Марқұмдардың құқығын таптатпайық. Тым болмаса мәңгілік мекенде уайымсыз мызғысын.