Бес күнге созылған "Ұлы дала жорығы" халықаралық марафоны мәресіне жетті. Еліміздің әр өңірінен және шет елдерден келген шабандоздар көне көшпенділер ізімен жүріп өтіп, бақтарын сынады. Айта кетейік, биылда дода Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналып, оған «AMANAT» партиясымен Алматы облысы әкімдігі және Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы қолдау білдірді.
ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:
Ұлы даланы тұлпарлардың тұяғы дүбірлеткен бес күнге созылған халықаралық марафон мәресіне жетті. Топ болып тайталасты. Мәрені бірінші болып кесу үшін барлығы барын салды. 500 шақырымға созылған сайыстың ерекшелігі көп болды. Сәйгіліктің шабысын бағамдап, күшін сарқымай соңына дейін шыдас бергендер жеңетінін жіті түсінді. Төрешілер де өз қызметін мүлтіксіз атқарды. Әрбірінің уақытылы есептеліп, жеңімпаздар анықталатын болады.
Кезең сайын бәсекелестік қыза түсті. Мәселен, астаналықтар алғашында ондыққа да кірмеген. Кейін қарқындарын үдетіп, көшбасшылар қатарына қосылды. Әр топтық өзіндік тактикасы болды. Дегенмен, бұл жарыс алаңы ғана емес. Нағыз достық сыналатын мезет.
АЛТАЙ БЕЙМЕН, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:
Бұл Ұлы дала жорығы болғандықтан бұл жердегі барлығымыз ағамыз, бауырмыз бұл жерде. Өте бауыр басқанбыз, өте барлығымыз тілекшіміз. Аттардың дәрі дәрмегі болсын, емі болсын. Айдала болғандықтан бірдеңеміз таусылып қалып жатса, су бітіп қалып жатса міні соңғысын екеуміз жарысып келе жатқанмен бірақ бөлісіп жатады. Осындай ағалық үлкен үлкен жақсылық жасап жатқан ағаларымыз бар.
Бес күнге созылған марафонда астаналықтар алдына жан салмады. Командалық есепте топ жарды.
Дала төсін дүбірлеткен дода жыл өткен сайын деңгейі артып, жағырапиясы кеңейіп келеді. Ұлттық рух пен болмысты танытатын марафон талай тарландарды шыңдай бермек.