2025 жылғы сәуір айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 36 839 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша – 8 175 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 28 664 мәміле жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2025 жылдың наурызымен салыстырғанда (27 739) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 32,8% көбейді. Мәмілелер саны бойынша Астана (7 280 – 19,8%) және Алматы (7 020 – 19,1%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 862 – 7,8%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 454 мәміле (1,2%).
2025 жылдың наурызымен салыстырғанда сәуірде оң көрсеткіш еліміздің барлық өңірінде байқалды. Мәмілелер санының ең көп өсімі Жетісу (+54,9%), Ақмола (+42,8%) және Қызылорда (+41,9%) облыстарында тіркелді.
2025 жылдың наурызымен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелер саны 31,2%-ға (6 822 мәмілеге) өсті. 2025 жылдың сәуір айында пәтерлер бойынша барлығы 28 664 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 77,8%. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (24,9%), Алматы (22,2%) қалаларына және Қарағанды облысына (8,2%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2025 жылдың сәуір айында олар бойынша 10 969 мәміле ресімделген.
2025 жылдың наурыз айымен салыстырғанда сәуірде жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 38,6%-ға (2 278 мәмілеге) артты. Сәуірде барлығы 8 175 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең көп өсімі Жетісу (+62,2%), Батыс Қазақстан (+58,2%) және Абай (+58%) облыстарында байқалды. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының азаюы тіркелмеген.
2025 жылғы сәуірде тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері былтырғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 17,9%-ға көбейген, ол кезде 31 248 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Алматы қаласында (41,8%) байқалды, ең үлкен төмендеу – Түркістан облысында (-11%). 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларындағы мәмілелер санын 2024 жылғы қаңтар-сәуір айларындағы мәмілелер санымен салыстырғандағы өсім – 3,9%.
Бір жылда (2025 жылғы сәуір 2024 жылғы сәуірге) жаңа тұрғын үйлерді сату – 8,3%, қайталама нарықта пәтерлерді қайта сату бағалары 6,4% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 12,3% жоғарылады.
Өңірлер бөлінісінде жаңа тұрғын үй бағасы жылдық мәнде Павлодар – 21,4%, Талдықорған – 12,6%, Шымкент – 12,5%, Көкшетау қалаларында 12,4% едәуір қымбаттады. Қолданыстағы пәтер нарығында жоғары өсім Ақтөбе қаласы (14,6%), Атырау қаласы (14,4%), Павлодар қаласында (13,8%) байқалса, тұрғын үйді жалға алу нарығында – Астана (25,6%), Ақтөбе (22,1%), Семей (21,1%), Талдықорған (18,9%), Көкшетау қалаларында(17,3%) тіркелген.
Бір айдың ішінде (2025 жылғы наурызға қарағанда 2025 жылғы сәуірде) жаңа тұрғын үйді сату – 1,9%, ал қолданыстағы пәтерлерді қайта сату 0,8% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 1% қымбаттады.
ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй бағасы бойынша ай сайын мониторинг жүргізеді. Баға индекстері облыс орталықтары мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша іріктелген байқау деректері негізінде қалыптастырылады. Жаңа тұрғын үйлер бойынша ақпарат сату бойынша операциялар жүргізетін құрылыс компанияларынан жиналады, бұл ретте пәтердің бастапқы және алдын ала таза әрленгендегі бағасы ескеріледі. Пәтерлерді қайта сату және жалға алу бойынша деректер интернетте, бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын хабарландырулар негізінде жиналады. Бағаларды есептеу кезінде бір, екі, үш бөлмелі пәтерлер бойынша ұсыныстар есепке алынады.