$506.21 €568.42 ₽6.3
×

Жыл басынан бері Қазақстанда 264 шетелдік қылмыскер ұсталды

AstanaTV
15.05.2025ж. 10:26
112
Жыл басынан бері Қазақстанда 264 шетелдік қылмыскер ұсталды

2025 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында Қазақстанда түрлі қылмыстар үшін мемлекетаралық және халықаралық іздеуде жүрген 264 шетелдік азамат ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Қылмыскерлерді ұстау ІІМ Криминалдық полиция департаментінің үйлестіруімен және аумақтық полиция департаменттерінің жедел уәкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылды. Іздеуде жүргендер шет мемлекеттердің ішкі істер органдарының сұранысы бойынша құрықталған.

Мәселен, Жамбыл облысында Өзбекстан Республикасының 48 жастағы азаматы ұсталды. Ол биыл ақпанда Ташкент облысында отбасылық жанжал кезінде жұбайын ұрып-соғып, өліміне себеп болған. Ал Түркістан облысында 2003 жылдан бері адам өлтірді деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген 71 жастағы ер адам қамауға алынды.

Сондай-ақ, Алматы қаласында мемлекетаралық іздеуде жүрген тағы бір өзбекстандық азамат қолға түсті. 2012 жылы ол Шыршық қаласында бірге тұрған әйелін аяусыз ұрып-соғып, тұншықтырып өлтірген. Жамбыл облысында Қырғызстан азаматы ұсталды. Ол 2022 жылы Ресейдің Липецк қаласында танысын пышақтап өлтірген.

Бұған қоса, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің сұрауы бойынша елден тыс жерлерде тағы 57 қылмыскер ұсталған.

ІІМ өкілдері бұл жұмыстардың халықаралық қылмыспен күрестегі нәтижелі ынтымақтастықтың көрінісі екенін атап өтті.