Ішкі істер министрінің орынбасары педофилдерді жазасын өтеп шыққаннан кейін бақылау мерзімін "шексіз кезеңге" дейін ұзартпақшы, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы министрдің орынбасары Игорь Лепеха Мәжілісте өткен отырыстан кейін мәлім етті.
Журналистердің сұрағына жауап берген Игорь Лепеха құқық бұзудың алдын алу үшін бұрын істі болғандар мен әрекеті күмәнді азаматтардың сыртынан бақылау шарасын күшейту жоспарланып отырғанын айтты. Ол бұл жаңашылдықтың қалай іске асуы мүмкін екенін педофилдердің мысалымен түсіндірді.
Қазір педофил жазасын өтеп шыққаннан кейін 8 жыл бойы біздің бақылауымызда болады. Енді сол мерзімді шексіз кезеңге дейін ұзарту мәселесін пысықтап жатырмыз, - деді министрдің орынбасары.
БАҚ өкілдері "шексіз кезең" деген ұғым өмір бойына дегенді білдіре ме деп сұрады.
Біз солай болса деп отырмыз. Өмір бойына есепте тұрғанын қалаймыз. Ол бақылаудың ішіне белгілі бір шектеулер де кіруі мүмкін. Мысалы, оған мектепке немесе балабақша маңына жақындауға тыйым салуға болады. Ондай шектеуді сот белгілейді. Сот шешімін бұзса, біз шара қолданамыз. Қазір мұндай шаралар 8 жыл көлемінде ғана қолданылады. Енді соның мерзімін әлдеқайда ұзартқымыз келеді, - деді ІІМ өкілі.