Жамбыл аудандық соты кәмелетке толмаған баланың денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
2024 жылдың желтоқсан айында сотталушы үйіндегі 1 млн теңге ақшаны өзінің асырап алған ұлы ұрлап алды деп күдіктеніп, одан ақшаны қайтаруды талап еткен.
Бала бұл ақшаны алмағанын айтқанда асырап алған анасы оны оқтаумен ұра бастаған.
Келесі күні колледж оқытушылары оның жағдайын көріп, баланы ауруханаға апарған.
Сараптама қорытындысына сәйкес кәмелетке толмаған баланың денсаулығына жеңіл зиян келген.
Сотталушы кінәсін толық мойындады.
Жәбірленуші асырап алған анасына ешқандай шағымы жоқ екенін, кешіргенін және оны жазадан босатуды сұрап, бірақ онымен бірге өмір сүргісі келмейтінін айтқан.
Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
Сондай-ақ оның мінез-құлқына ерекше талаптар қойылды. Атап айтқанда, 3 ай бойы жәбірленушінің еркінен тыс жәбірленушіні іздеуге, ізіне түсуге, оған баруға, ауызша және телефон арқылы сөйлесуге, онымен басқа да тәсілдермен байланысуға тыйым салынды.