$510.58 €571.8 ₽6.34
×

Зеленский: «Путин барлығымызды алдап кетті»

15.05.2025ж. 20:00
72
Зеленский: «Путин барлығымызды алдап кетті»

"Путин барлығымызды алдап кетті. Оның жіберген тобы – көзбояушылық". Украина Президенті Владимир Зеленский бүгін Стамбұлда өтейін деп жатқан келіссөздер туралы осылай деді. Оның пікірімен Дональд Трамп та келісті. АҚШ Президенті де Түркияға әзірге ат басын бұрмайтынын айтуда. Есесіне, Таяу Шығыста жүрген Трамп Газа секторына бейбітшілік әкелуге ықпалдасамын, - деп тағы уәдені үйіп-төкті.

"Осылай болатынын білгенмін". Зеленский осылай деп ашуын жасырмады. Оның айтуынша, жарияға жар салып, келіссөздерге дайынмын деген Путин өзі келмей, түк шеше алмайтын, еш билігі жоқ адамдарды жіберіп отыр. Украина Президенті Владимир Путиннің уақыт созу әрекеті екенін бұған дейін де ескерткенмін, - деп ағынан жарылды.

ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:

Ақыры айтқаным келді. Путин келіссөздерге жіберген адамдардың кім екенін мүлдем білмеймін. Осыдан-ақ, олардың дым билігі жоқ екенін байқауға болады. Бұлар Ыстамбұлға келіп, соғысты тоқтату туралы қалай шешім қабылдайды? Мүлдем ақылға сыймайды.


Ыстамбұлға кез-келген сәтте барамын деген Трамп та райынан қайтты. АҚШ Президенті де Путин тікелей қатыспаса, ұрысты тоқтату туралы әңгіменің әлі ерте екеніне көзі жеткенін айтты. Бірақ, іс насырға шапса өзі қатысуға дайын екенін   жеткізді АҚ Үй басшысы.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл жолғы келіссөздердің күл-талқаны шыққаны қазірден белгілі болып отыр. Путин бұл соғысты тоқтатуға мүдде танытпай отыр. Осы жиынды бастауға Ердоған екеуміз көп күш жұмсап едік.


Трамптың ықпалы Газа секторындағы Израиль озбырлығын тоқтату үшін қажет. Катар билігі осылай дейді. АҚШ Президенті Сауд Арабиясынан кейін Парсы Шығанағындағы осы елге жұмыс сапарымен келді. Шейх Аль Тани осылай дейді.

ТАМИМ БИН ХАМАД АЛЬ ТАНИ, КАТАР ӘМІРІ:

Сіз бейбітшілік үшін күресіп келе жатқан жан екеніңізді барлығымыз білеміз. Газа секторында қырғын мен аштыққа ұшыраған халыққа көмегіңіз аса қажет. Сіздің тікелей ықпалымен Газа секторы қайтадан тұрақты әрі қауіпсіз өміріне қайта оралады деп сенемін.


Трамп, өз кезегінде, бұл қырғынды да тоқтатуға атсалысамын деп уәде берді. Ол тек Газа секторы   емес, Палестина мәселесін шешуге де үлесін қоспақ.