$510.58 €571.8 ₽6.34
×

Павлодарда қалалық перзентхана жабылғалы жатыр

15.05.2025ж. 20:00
36
Павлодарда қалалық перзентхана жабылғалы жатыр

Павлодарда қалалық перзентхана жабылады. Бұған ғимараттың апатты жағдайға түсуі себеп болған. Өткен ғасырдың 80 жылдары салынған нысанның әбден тозығы жеткен. Биыл перзентхананы пайдалану уақыты да аяқталады. Сол себепті  №1 қалалық аурухананың бөлімшесін жабу туралы шешім қабылдаған.  Ал перзентхананың 160 қызметкері жұмыссыз қалуы мүмкін. Қазіргі таңда 55 қызметкерге ғана облыстық перинаталды орталықтан жұмыс ұсынылды. Қалғандарына басқа жұмыс қарастырылмақ.  

АЛМАЗ ҚАЙТАЕВ, №1 ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

2024 жылы перзентханада босану 21 пайызға азайды. Төсек орынның 26,7 пайызы босап қалған. Бұл қаржының  тиімсіз жұмсалуына әкеліп отыр. Соңғы жылдары бұл ғимаратқа мүлде жөндеу жасалынбады. Техникалық сараптама қорытындысы нысан пайдалану уақыты тек 2025 жылға дейін ғана деп берілген.


Павлодарлықтарға бұдан былай облыстық перинаталды орталық қызмет көрсететін болады.  Мұнда  аналардың босануы үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Нысан заманауи қондырғылармен жабдықталған. Ал қалалық перзентхананы көшіру жұмыстары басталып кетті. 1 маусымға дейін толық аяқталмақ. Өңірде ұзын саны 13 перзентхана жұмыс істейді.