$510.58 €571.8 ₽6.34
×

“Сабаққа бармағаны үшін қорыққан“: Өскеменде із-түзсіз жоғалған жасөспірім табылды

AstanaTV
15.05.2025ж. 23:23
89
“Сабаққа бармағаны үшін қорыққан“: Өскеменде із-түзсіз жоғалған жасөспірім табылды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Өскеменде полицейлер жоғалған жасөспірімді іздеп тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өскемен қаласы полиция басқармасының жедел басқару орталығына жергілікті тұрғын 17 жастағы ұлы жоғалып кеткенін хабарлаған. Әйелдің айтуынша, ұлы таңертең колледжге кеткен, алайда үйге оралмаған.

Сабақ кестесіне сәйкес жасөспірім сағат 15:00-де үйде болуы керек еді, алайда белгіленген уақытта келмеген. Анасы бірнеше рет телефон шалғанымен, баласының телефоны сөндірулі болған. Жоғалған баланы өз бетінше іздегенімен нәтижеге жете алмаған әйел көмекке полицияға жүгінген.

Полицейлер бірден іздестіру іс-шараларына кіріскен. Колледжден үйге дейінгі бағыттағы барлық бейнебақылау камерасы тексеріліп, қаланың түрлі аудандарындағы жазбалар зерделенген. Жиналған дерек негізінде жасөспірім жүрген жерлер анықталған.

Жедел іздестіру барысында полицейлер жақын маңдағы аумақтарды, иесіз қалған үйлер мен құрылыстарды, сондай-ақ, жасөспірім болуы мүмкін басқа да орындарды тексерген. Аудан аумағындағы дүкендер де назардан тыс қалмаған, солардың біріндегі бейнежазбадан колледж студенті анықталды.

Кейін полйцейлер жасөспірімді саяжай аумағы маңынан тапқан.

"Тәртіп сақшыларына берген түсініктемесінде ол бірнеше күн бойы сабаққа бармағанын, уақытын компьютерлік ойындарға арнағанын, ата-анасы біліп қоя ма деген қорқынышпен үйге қайтуға батылы бармағанын айтқан. Кәмелетке толмаған жасөспіріммен ата-анасының қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, мұндай әрекеттің салдары түсіндірілді", - деп жазылған хабарламада.