$510.58 €571.8 ₽6.34
×

Испанияның оңтүстігінде химиялық қоймадан шыққан өрттен 80 мың адам оқшауланды

AstanaTV
16.05.2025ж. 08:18
34
Испанияның оңтүстігінде химиялық қоймадан шыққан өрттен 80 мың адам оқшауланды
Фото: стоп-кадр x.com/La_SER

Севильяда химиялық қоймадағы жарылыстан кейін улы заттардың ауаға таралуына байланысты 80 мың тұрғын оқшауланды. Бірінші деңгейлі төтенше жағдай режимі жарияланды, деп хабарлайды Euronews.

Испанияның оңтүстігіндегі Севилья маңындағы Алькала-де-Гуадаира қаласының өнеркәсіптік ауданындағы химиялық қоймада ірі өрт шықты. Улану қаупіне байланысты мыңдаған адамға үйден шықпауға бұйрық берілді.

Өрт алдында жарылыс болған, оның неден шыққаны әзірге белгісіз. Компания қызметкерлері төтенше жағдай орын алған жерден шығып үлгерді. Бірақ бір адамды күйік шалып, ауруханаға түсті.

Қала үстін қара түтін басты. Ол өрт орнынан 80 шақырымнан астам жердегі муниципалитеттерден көрінеді.

Қоймаға жақын орналасқан бірнеше үйдің тұрғындары эвакуацияланды.

Андалусия билігі бірінші деңгейлі төтенше жағдай жариялады. Олар бұл оқиғаны өрттің ауқымы мен жанып жатқан материалдың улылығына байланысты «дабыл» деп сипаттады. Өртті сөндіруге жақын маңдағы қалалардан өрт сөндіру бригадалары жұмылдырылды.

Қауіпті аймақта 80 мыңға жуық адам тұрады. «Es-Alert» мобильді қызметі арқылы тұрғындарға үй-жайлардан шықпау, ішке түтін кірмеу үшін терезелер мен есіктерді жабу, респираторлық маска кию туралы ескерту жіберілді.

11 мың шаршы метрді құрайтын нысан «Плаинсур» компаниясына тиесілі. Ол күкірт, фосфор, сондай-ақ майлар мен еріткіштер, химиялық өнімдер сатумен айналысады.