Бір емес, екі рет алданған 37 жастағы ер адам бірнеше банктен несие алды. Кейін оны белгісіз шотқа аударып жіберген, - деп жазды KAZINFORM.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті 16 млн теңге несие рәсімдеп, қарызға батқан тұрғынның оқиғасын айтып берді. 37 жастағы тұрғынға белгісіз біреу WhatsApp мессенджері арқылы хабарласқан. Ол өзін қаланы электрмен қамтамамыз ететін «Энергосбыт» компаниясының қызметкері ретінде таныстырған. Сөйтіп жеке деректерді тексеретінін, ол үшін ұялы телефонға келген СМС-кодты айтуын сұраған. Жәбірленуші дәл сол жолмен кодты айтады.
— Көп ұзамай тағы бір адам қоңырау шалады. Бұл жолы өзін киберполиция қызметкерімін деп таныстырған. Алаяқ ер адамның атына несие рәсімделіп жатқанын айтқан. Оны тоқтату үшін шұғыл түрде қарама-қарсы несие рәсімдеп, қаржыны «қауіпсіз шоттарға» аудару қажет екенін түсіндірген. Алаяқтарға сенген азамат бірнеше банктен несие рәсімдеп, мобильді қосымша арқылы жалпы сомасы 16 миллион теңгені белгісіз шоттарға аударған. Қазір оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.