Солтүстік Қазақстан облысында мектеп оқушысынан туберкулездің ашық түрі анықталған. Оқиға Ғабит Мүсірепов ауданының Новоишим ауылында болды. Алтыншы сынып оқушысы өкпе ауырына шалдығып, бүтіндей ауылды дүр сілкіндірді. Науқас бірден ауруханаға жатқызылып, ем-дом шараларын алуда. Эпидемиолог мамандар жасөспіріммен мыңнан астам адам тікелей байланыста болғанын айтады. Қазір олардың барлығы қан сараптамасын тапсырып, бақылауға алынған. Сорақысы сол, аталған дерттің белгілері тек бір жылдан кейін ғана шығуы мүмкін. Сондықтан жұрттың түгел дерлігі ұзақ мерзімде дәрігерлердің қарауында болмақ.
АРМАН КҮШБАСОВ, СҚО САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Бұл мектеп оқушысы бұған дейін 2021-жылы туберкулезбен ауырып, 2022-жылы айығып шықты. Бұл жолы бала қайтадан ауырып қалды. Қазір ол тиісті ем шараларын қабылдап жатыр. Жалпы, биыл облыс бойынша оқушылардың арасында туберкулез ауруы екінші рет анықталып отыр.
Жалпы Новоишим ауылындағы нөмірі бірінші мектепте мыңға жуық бала білім алуда. Түгелдей залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Алайда, қашықтықтан оқу мәселесі әзірге қарастырылып жатқан жоқ, дейді сала мамандары.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бүгінгі күні барлық сабақтар бір кабинетте өтіп жатыр. Жалпы барлық шаралар жасалған. Бүгінгі күні балаларды қашықтықтан оқуға ауыстыруға негіз жоқ. Емтиханда өзгеріс болмайды. Барлығы қалпында, жоспар бойынша. Мектеп штаттық режимде жұмыс жасап жатыр.