Күллі әлемнің назары Түркияда. Ыстанбұлдың қақ ортасындағы Долмабахче жұмыс кеңсесінде «әне-міне басталады» деп, кешелі бері жұрт демін ішке тартып күткен Украина-Ресей келіссөздері өтті. Алайда не Путин, не Зеленский бұл жиынға қатыспады. Екі ел арасында делдалдың рөлін атқарып отырған Түркия өкілдері мемлекеттер арасындағы мәселенің екі-ақ шешім жолы барын жеткізді. Толығырақ «Жер-жаһан» айдарында.
Қайырлы күн, құрметті көрермен! Әлемнің соңғы жаңалықтарымен мен Мөлдір Жақан таныстырамын.
Ыстанбұлдағы көптен күткен кездесу алдымен Түркия – АҚШ – Украина арасында өтті. Келіссөздерге қатысу үшін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бастаған делегация Ыстанбұлға арнайы келді. Одан соң Түркия, Ресей, Украина өкілдері кездесті. Путиннің уәде беріп, ақыр соңы көмекшісін жібергеніне ренішін білдірген Зеленский де төбе көрсетпеді. Осыдан-ақ Рубионың көңілі қалды ма, әйтеуір, бұл басқосудан үлкен үміт күтпейтінін жеткізді.
ХАКАН ФИДАН, ТҮРКИЯНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Біз екі тарапты Стамбулда қабылдап жатқанымызға қуаныштымыз. Зеленский мен Путиннің бейбітшілікке деген ұмтылысына үлкен мән береміз. Түркия бұл соғыс басталғаннан бері оны тоқтатуға атсалысып келеді. Бүгінгі кездесу жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Алдымызда екі-ақ жол тұр. Біріншісі бейбітшілікке апарса, екіншісі бұдан да бетер ауыртпашылықтарға алып келеді. Тараптар қай жолды таңадайтынын өздері шешеді.
Ресей мен Украина келіссөз жүргізіп, шыр-пыр болып жатқанда, Трамп Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен барып, Таяу Шығысқа төрт күндік турнесін аяқтады. Кездесулер нәтижелі болып, Ақ үй басшысы олжалы болып қайтты. Жасалған келісімшарттардың сомасы 200 млрд долларға жетті. Айтпақшы, мәртебелі қонақты Абу-Даби ерекше қарсы алды. Бір топ әйелдер АҚШ Президентін қоршап алып, шаштарын жайып жіберді. Халиджи деп аталатын бұл би еркіндік пен күштің белгісі екен.
Ал Үндістан мен Пәкістан бітімді ұзартуға келісті. Екі ел 18 мамырға дейін оқ атуды тоқтатады. Еске салайық, шекаралас даулы аймақ үшін мемлекеттер арасындағы жағдай сәуір айының соңында ушыққан еді. Содан бері тараптар бітімді бірнеше рет ұзартты.
Мендегі ақпарат осы. Аман-сау болайық. Келесі аптада жүздескенше!