Баласына берген алиментін, кәмелет жасқа толғанда қайтарып алады. Мұндай жағдай елімізде соңғы уақытта көбейіп барады. Бірі — "баламды көрмеймін, неге төлеймін?" десе, енді бірі –берген ақшасын міндет етіп сұрайтын көрінеді.
НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:
Тағы да жауап жоқ. Иә, көп жандар үшін бұл – таныс көрініс. Кейбір көкек аналар мен безбүйрек әкелер бұл жауапкершіліктен дәл осылай қашады. Тіпті олардың тізімін ашық түрде арнайы сайттан көруге болады. Баладан ғана емес, заңнан қашқандардың тізімі осында.
Өткен жылы елімізде 100 мыңнан аса жұп неке қидырғанымен, оның жартысынан көбі ажырасқан. Балаларына алимент төлеуден жалтарған 139 адам сотталды, ал тағы 4 жарым мың борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, 9 ай көтерген баласынан бас тартқан аналар да кездеседі. Дені алимент төлеуді қажетсінбейді, тіпті баласының халін де сұрамайтын көрінеді.
МИРАС, ЖАЛҒЫЗБАСТЫ ӘКЕ:
Мен жалғызбасты әкемін, ұлымды анасы 1 жасында тастап кетті. Содан бері онымен хабарласпадық. Өзі де іздеп келмеді. Жақында алкогольге салынып кеткен деп естідім. Шынымды айтсам, ұлым ол туралы білмегені де дұрыс па деп ойлаймын.
Некеге жауапсыз қарау салдарынан бала зардап шегеді. Тіпті, ата-ана алимент төледі деп есептесе де, бала есейгенде, өз жағдайы қиын деп, оған төленген ақшаны қайта өндіріп алуы мүмкін.
НҰРЛАН ЖАҢАБАЕВ, ЗАҢГЕР:
ҚР неке және отбасы кодексінде 145 бабында былай көрсетілген егер, ата-ана жұмысқа жарамсыз, осыған орай қаржылық қиындыққа тап болса, ол кісілер, кәмелетке толған өз балаларына қаржылық көмектесуге өндіре алады. Заң бойынша белгіленген.
Бұл мәселе бойынша қоғамда түрлі пікір бар. Бибігүл ханымның айтуынша, егер бұрынғы жолдасы ұлына алимент төлеген болса, «балам да ер жетіп, жауапкершілікпен бөлісер еді» деп есептейді.
БИБІГҮЛ МҰХТАРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Если балаға төлесе, кезінде, оған қарсы емеспін. Көмегі керек болса. Негізі ажырасқанымызға 10 жыл болды, бірақ төлегені 1-2 жыл ғана. Қалған жылдары төленген жоқ.
Бабаларымыз отбасы құндылығын хан тағынан да биік ұстаған, ал қазір керісінше. Ажырасумен қоғам болып күрессек, бәлкім, алимент төлеу де бүгінгідей мәселеге айналмас па еді.