Аптап ыстық ала жаздай алқымнан алады. Кей өңірде жерге тамшы тиюі мұңға айналуы мүмкін. 11 облысты құрғақшылық күтіп тұр. Биыл жаңбыр былтырғыдан аз болады дейді мамандар. Экожүйе мен ауыл шаруашылығына қауіп бар ма? Тілшімін жауап іздеді.
Жаз басталмай-ақ күн жанып тұр. Кей өңірлерде ауа райы 44 градусқа жетті. Аптап ыстық жұртты әбігерге салуда.
БЛИЦ:
- Әсіресе үлкен кісілерге жайсыз. Давлениесі барларға мүмкін ауыр соғады.
- Ауылдағы малдарға зиян. Қазір шөптер уже шықпай жатып қурап кеткен дейді.
- Күннің жылы болғаны жақсы ғой, бірақ мен үшін олай емес. Егінге қиын бәрінен бұрын.
11 өңірге қуаңшылық қаупі келе жатыр. Жаңбыр өткен жылмен салыстырғанда аз жауады. Егіннің өнімділігі азаюы мүмкін - дейді мамандар.
ҚАМАР САЛИЕВА, "ҚАЗГИДРОМЕТ" РМК АГРОМЕТЕОРОЛОГИЯЛЫҚ БОЛЖАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Тұрмыстағы күнделікті тіршілікке, флораға, фаунаға, соның ішінде егін шаруашылығына да әсері болуы мүмкін. Нақты айту өте қиын, бірақ егер де әрі қарай жаз бойы бізде жауын-шашын тапшылығы ұлғая беретін болса әрине ол егінге яғни, егіннің өнімділігіне әсер етеді.
Ауылдағы шаруа мен егіннің жағдайын жақсы білетіндер бұл қатерді жоққа шығармайды, бірақ күн бұрын байбалам салуға болмайды, салада жүргендер бәріне дайын дейді.
ЖИГУЛИ ДАЙРАБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Ауыл шаруашылығы жалпы Құдайға қараған шаруашылық қой. Сондықтан ол егіншілік әсіресе, шабындық, мал жайылымы, мал азығын дайындау керек, шөп шабу керек, міне, осы мәселенің бәріне біраз кедергі келтіреді. Ауыл шаруашылығы қандай да бір қиындық болатын болса омен өзі жалғыз бетпе-бет қалмайды. Фермерлер мына үкімет тарапынан да, біздің парламент тарапынан да, біз өзіміздің қоғамдық ұйымдар тарапынан да қолдау табады.
Елдегі ыстық пен құрғақшылық су тапшылығына да әкеп соғуы мүмкін. Себебі вегетациялық кезең жылдағыдан 20 күнге ерте басталып, судың қажеттілігі 50 пайызға артты. Десе де қара бұлт төнді деуге ерте. Өйткені егін егетін өңірлерде және оңтүстікте жауын-шашын көлемі климаттық нормаға жақындайды.