Қара шыбын қаптады. Жамбыл облысындағы Меркі мен Ойтал ауылдарының жұрты жыларман күйде отыр. Көктем шыққалы далаға шығудан қалдық деп шағымдануда. Шыбын-шіркейдің құжынауына қант зауытындағы 130 мың тонна қызылшаның шіруі басты себеп дейді бұқара.
Меркі мен Ойтал ауылы ел ішінде сасық ауалдар атанып кетіпті. Тіпті жұрт көлікпен ауыл маңына жақындаса, танауын жауып тез өтіп кетуге асығады. Енді мүңкіген иіс аздай, қара шыбын қаптап ауыл тұрғындары есік-терезесін ашудан қалған. Аулада отырып ас ішу тіпті арман болды дейді. Қант зауытына қатты қапалы халық, былтыр аталған зауыт шамасына қарамай көп мөлшерде қант қызылшасын қабылдап, салдарынан 130 мың тонна өнім далада шіріп, сасық иісі шыбын шақырды деп отыр.
ШОЛПАН БЕЙСЕНҚЫЗЫ, МЕРКІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қара шыбыннан енді қорлық көріп жатырмыз. Шыбын деген быжынап кетеді. Дихлопос сепсек бір жарты сағаттан кейін қайтадан бәрібір ұшып жүреді. Мынау қара шыбыннан құтқарыңыздар.
БЕЙБІТ ӘБІСІП, МЕРКІ АУЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Тамақ іше алмаймыз далада, отыра алмаймыз не қолданатынымызды білмейміз. Аптекадан балалар бір нәрселерді әкеліп сеуіп жатыр. Жоғарғы жақтан жәрдем болса жақсы болар еді.
КАМИЛӘ ОСПАНОВА, ОЙТАЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Шыбын көп, есікті аша алмаймыз. Үйіміге шыбындар қаптап кетті. Шіріп жатыр, иіс мүмкін емес. Үйден шыға алмаймыз. Балаларды далаға шығарып ойнату қиын. Жүрсең шыбындар аузыңа кіреді. Сол міне шіріп жатыр, осының кесірі мінекей.
Өткен жылы Әулиеата өңірі тәтті түбір жинаудан рекорд орнаттық деп мақтанған еді. Оның өзінде өсірген өнімді өткізе алмай көп дихан осы зауат алдында кезек күтіп, кептеліске түскен. Былтыр жинаған 480 мың тонна қант қызылшасының төрттен бір бөлігі ашық аспан астында шіріп, тұрғындардың тынысын тарылтқан. Ал аудан әкімдігі сасық иіс пен қаптаған шыбыннан жақын күндері құтыламыз деп отыр. Әкімдік пен зауыт басшылығы бірлесіп бұл жағдайды осы аптада толық шешпек.
ҚАЙРАТ АРҒЫНБАЕВ, МЕРКІ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Шыбын не үшін келеді? Өйткені ол жерде қант қызылшасының сөлі бар. Өрт сөндіруші көлігі деп қоямыз ғой, үлкен көлемдегі 6 тонналығымен 12 тонна дәрі шаштық біз сол жерге. Қазіргі таңда сөлі толық жоқ болды. Шыбын-шіркей де жоқ болды қазір.
Әкімдік айтқан ақпаратқа ауыл жұрты сенбейді. Себебі зауыт, қызылша қалдықтарын Ойтал ауылынан 20 шақырым жердегі карьерге төгіп жатқандарын айтады. Ашуға булыққан бұқара бұл жағдайды құзырлы органдар толық тексеріп, прокуратура қатаң бақылауына алса екен дейді.