Тұрғын үй маңындағы теректерді кесіп жатыр. Ақтөбеліктер он жыл бұрын отырғызылған жасыл желектің тамырымен қопарып жатқанына қарсы. Жеке кәсіпкерлер жаңа құрылыс салатын болып, теректерді түгел отауға кірісіпті.
Бұл Кеңес Нокин даңғылы бойында жайқалған теректер осыдан он жыл бұрын отырғызылған. Жаз болса бұл жасыл желектер осы жерде тұратын тұрғындар саялайтын демалыс орны. Бірақ осы мамыр айы басталғалы бұл жердегі халықтан маза қашқан. Аяқ астынан теректер түгел қоршалып, шетінен отала бастапты.
БАҒИЛА ЖАНТІЛЕУОВА, ТҰРҒЫН:
Жеке меншік адам сатып алды деп айтып жатыр. Бірден келіп талдарды шауып тастады. Ол не деген масқара. Үлкен биік. Бұдан он жыл бұрын өсірілген талдар. Акимат өсірді. Машинамен келіп суарды. Енді біздер ол жерге сквер не ойын, спорттық саламыз деген ойымыз бар еді.
АЙНАГҮЛ ТӘЖИМОВА, ТҰРҒЫН:
Екі үйдің тұрғындары біздер қарсымыз. Көгалды, көк талды жұлуға. Бұл халықтың демалатын орны. Осы жерге көбіне үлкен кісілер отырады. Енді ана жерді жұлып, сквер павильон саламыз деп жатыр. Бізге керек емес.
Белгілі болғандай, бұл 12 соток жер учаскесін жеке кәсіпкер 2021 жылы сатып алған. Қазір бұл жерге кәсіпкер автокөлік жуатын салон салуды жоспарлап, құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Әкімдіктегілер бірақ ол кәсіпкердің ағаштарды түгел отауға рұқсаты жоқ екенін айтып отыр.
ШЫНБОЛАТ ОРЫНТАЙ, ҚАЛАЛЫҚ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ УРБАНИСТИКА ОРТАЛЫҒЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Кәсіпкер рұқсат қағаздары бойынша рұқсат қағаздары бар 2021 жылы. Жер арендадағы жерден бес талды басқа жерге орналастыруға ЖКХ алған. Орналасқан жердің жалпы көлемі 12 соток жер. Қазіргі таңда тұрғындардың наразылығы бойынша кешегіде жиналыс өткізіліп, алдын алу шаралары жүргізілуде. Қазіргі таңда сол тоқтатылып, МПС хаттама толтырылды. Уақытша тоқталыды. Қазір соның алдын алу шаралары жүргізілуде.
Бұл жердегі құрылыс бүгінде уақытша тоқтатылды. Әкімдіктегілер қазіргі кезде бұл жердің кәсіпкерге берілуінің заңдылығын тексеріп жатыр. Тіпті кәсіпкерге басқа жерден жер беру мәселесі де қарастыратын болады.