$509.51 €570.6 ₽6.3
×

Астанада «Ulttyq ónim - 2025» көрмесі басталды

16.05.2025ж. 20:00
71
Астанада «Ulttyq ónim - 2025» көрмесі басталды

Астанада «Ulttyq ónim - 2025» көрмесі басталды. Жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен 350 компания келген. Олар өз өнімдерін таныстырды. Көрмеге тамақ, жеңіл, химия өнеркәсібі, машина жасау, жабдықтар өндірісі мен зергерлік бұйымдар қойылған. Толығырақ тілші материалында.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

«Ulttyq ónim» көрмесі отандық тауарларды насихаттауға ықпал етеді. Жиын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады.  Жыл сайын көрмеге келушілер саны көбейіп келеді. 2022 жылы  көрмені 20 мыңнан астам адам тамашаласа, 2023 жылы 22 мыңнан асты. Сауда көлемі де 70 млн теңгеден 74,1 млн теңгеге дейін артқан.


«Made in Kazakhstan». Көрмеге осындай таңбасы бар тауарлар ғана қойылған. Шара 2015 жылдан бері ұйымдастырылады. Бұл алаңды кәдімгі байланыс көпірі деуге келеді. Өндірушілер өнімдерін өткізеді, одан қалды мемлекеттен қолдау алады. Мәселен, «Даму» Қоры 14 трлн теңге болатын 225 мың жобаға қолдау көрсетті. Соның арқасында 220 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде 130 трлн теңгеге өнім шығарылды, одан 9 трлн салық түсті.

МҰРАТ БАПАЕВ, «ДАМУ» КДҚ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

70 млн теңгеге тауар сатады осы көрмеде. Бізде шет мемлекеттерден серіктестеріміз бар. Олар өз кәсіпкерлерін шақырады. Солар келіп, бір-бірімен танысып, келісімшартқа қол қояды.


АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Дәл мына жерде балдың 17 түрі бар. Талғамыңызға қарай түр-түрін теріп тұрып таңдайсыз. Дәмі де күнделікті дүкеннен сатып алатын өнімнен өзгеше. Айтпақшы, балды тек тағам түрі деп түсінсеңіз қателесесіз. Араның мынандай өнімі түрлі ауруға ем. Аяқ қолыңыз қақсаса, денеңіз сырқыраса, жөтеліңіз маза бермесе дертке дауа.


Көрмеге келсеңіз тамақтап  бастап, киім-кешек, тұрмыстық техникаға дейін таба аласыз. Мәселен, маңғаз Маңғыстаудан келген кәсіпкерлер өңірдегі мұнайшыларды жұмыс киімімен қамтып отыр.

МЕРЕКЕ ҚҰРМАШОВ, КОМПАНИЯ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Арнайы киімдерді өзіміз тігеміз. Айына мың киімді шығарамыз. Ол – жақсы көрсеткіш деп ойлаймын.


Ал, Абай облысынан аттерлетіп келген мына өндірушілердің жұмысы өзгелерден ерек. Кәсіпорын аймақтағы балалар ойын алаңа түрлі құрылғыларды дайындап, орналастырады. Әр бөлшегін аса мұқаяттылықпен істейміз дейді. Өйткені олар үшін бала қауіпсіздігі – бірінші орында.

ГАУХАР АСҚАРҚЫЗЫ, КОМПАНИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ:


Қауіпсіздік мәселесіне өте қатты назар аударымз. Әр проектіні жасаған кезде «безопасность» деген болады. Сонын бәрін есептейміз және общий стандарт бар. Соған сай келуге тырысамыз.


Былтыр бизнесті қолдау үшін 336 млрд теңге бөлінді. 29 мың жоба 1,7 трлн теңгеге мемлекеттен қолдау алды. Бұл 9700 жұмыс орнын құруға, 25,4 трлн теңге өнім шығаруға мүмкіндік берді. Ал одан түскен салық көлемі - 1,7 трлн теңге.