$509.51 €570.6 ₽6.3
×

Елордада музей түні өтеді

AstanaTV
17.05.2025ж. 13:44
63
Елордада музей түні өтеді

18 мамырда сағат 18:00–ден түнгі 00:00–ге дейін Ұлттық музейде халықаралық музей күніне арналған дәстүрлі «Музей түні — 2025» мәдени-танымдық акциясы ұйымдастырылады.

Іс-шараның мақсаты — рухани-мәдени құндылықтарды, халқымыздың тарихын, мәдениетін бір кеңістікке біріктіре отырып, әр түрлі жанр мен стильдегі өнер туындыларын ұсыну, музей қызметін, ондағы экспонаттар мен жәдігерлерді кеңінен насихаттау. 

Өткен мен бүгіннің, дәстүр мен жаңашылдықтың, тарих пен заманауи мәдениеттің тоғысынан құралған бұл кеш мазмұны мен формасы жағынан ерекше әрі жаңашыл бағдарламасымен ерекшеленеді. Музей кеңістігі түрлі интерактивтерге, танымдық экскурсияларға, креативті шеберлік сабақтарына, ғылыми дәрістерге, көркем перформанстармен, әр жастағы аудиторияға арналған мәдени шаралармен және концерттік қойылымдармен толығады.

Бағдарлама барысында Ұлттық музейдің жобалары аясындағы мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Балдырған гид» жобасы, «Мирас» үйірмесінің экскурсиялары және «Күміс жас» жобасы шеңберіндегі белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қатысуымен өтетін экскурсиялар ұйымдастырылады. «Жәдігерлер сөйлейді» театрландырылған экскурсия аясында Алтын адам мен ежелгі ханшайымдардың бейнесіндегі кейіпкерлер көрерменді тарихи әлемге жетелейді. 

Сондай-ақ, келушілер үшін ежелгі әуендерді заманауи ритмдермен біріктіріп, қазақ мәдениетінің атмосферасына толықтай бойлауға мүмкіндік беретін «Дала әуендері» атты этно-DJ-сет және танымал тележүргізушілер қатысатын «Жұлдызды гид» шоу-жобасы ұйымдастырылады. 

XVIII–XIX ғасырдың шетелдік графикалық өнер шеберлері жасаған гравюра өнері туындылары арқылы Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының бірегейлігін көрсететін «Ұлы дала. Тарих. Гравюра» көрмесі, сондай-ақ Ұлттық музей қорындағы құнды жәдігерлер негізінде жасақталған «Асыл мұра» көрмесі ашылып, халқымыздың рухани-мәдени қазынасын кеңінен таныстыруға жол ашады.

«Қолөнершілер жәрмеңкесі» мен зергерлік бұйымдар, керамика, мата, кілем және киіз бұйымдарын қалпына келтіру бойынша шеберлік сабақтары өткізіліп, келушілер дәстүрлі қолөнердің нәзік қырларымен таныса алады. «Өнерге қол жеткізу» шеберлік сағаты арқылы музей қонақтары бейнелеу өнерінің қыр-сырымен жақын танысуға мүмкіндік алады.

«Дана» жобасы аясында ұйымдастырылатын «Жан біткен жәдігерлер» квест-сабағы мен «Музейдегі түн» квест-ойыны келушілерге экспонаттармен өзара әрекеттесе отырып, тарихи жұмбақтарды шешу, өнер мен мәдениетке жаңаша көзқараспен қарау мүмкіндігін ұсынады. 

Кештің мәдени бағдарламасы симфониялық және үрмелі аспаптар оркестрінің, цирк әртістері мен би ансамблінің қатысуымен өтетін әсерлі концертпен жалғасады. Концерттік бағдарлама аясында Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның симфониялық және үрмелі аспаптар оркестрі, Астана қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасына бірлескен мұражайлар дирекциясына қарасты Ұлттық өнер мұражай бөлімі және «Joshy Qazaq National Group» этно-фольклорлық ансамблі, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Гүлдер» ансамблі өз өнерлерін ұсынады.

Бұл туралы kaz.inform.kz хабарлайды.