Ақмола облысы прокуратурасының шараларымен зейнеткерлерге заңды өтемақы төленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыстық прокуратура мәліметінше, Көкшетау қаласының прокуратурасы жүргізген талдау нәтижелері бойынша 20-дан астам азаматтың конституциялық құқықтарының бұзылуын анықтады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес еңбек шарттары қызметкер зейнеткерлік жасқа толған кезде оған кемінде бір ай бұрын хабарлау және бір лауазымдық жалақы (тарифтік мөлшерлеме) мөлшерінде өтемақы төлеу арқылы бұзылады.
Қалалық білім беру ұйымдары зейнеткерлікке шыққан қызметкерлерге аталған өтемақыны төлемейтіні анықталды. Мәселен, қаладағы балабақшалардың бірінде 3 қызметкерге жалпы сомасы 800 мың теңгеден асатын бір лауазымдық жалақы көлемінде өтемақы төленбеген, - делінген мәліметте.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша 20-дан астам қызметкердің конституциялық құқықтары қалпына келтіріліп, оларға жалпы сомасы 2,2 млн теңгеден астам өтемақы төленді.
Бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.