Белгілі абайтанушы Омар Жәлел ұлы Абайдың қоғамда көтерген жүгі өте ауыр болғанын, саналы түрде бұл дүниемен қош айтысқанын айтып, көңілі босап кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Абай атамыздың трагедиясы... Тәуратта адам саналы болған сайын, дана болған сайын, оның көтеретін жүгі ауырлай түседі дейді емес пе? Абай кейде «ақымақтық та, ғанибет пе деп ойлаймын» деген. Саналы болудан, дана болудан әбден шаршаған ғой. Өйткені бүкіл елдің қайғысын көтерді», - дейді Омар Жәлел өзінің Инстаграм парақшасында жариялаған видеода.
Оның айтуынша осынау қиын кезеңде Абай алғашқы ұстазы Құнанбайғажүгінген.
«Әкесінің басына барып, кісе белбеуді мойнына салып, мен шаршадым деп айтқан. Мені қасыңа ал деп айтты дейді. Сондықтан біз Абайды білмейміз. Қазіргі кезде көп адам Абай туралы беталды сөйлейді. Түсінбейді. Абай атамыздың жүгі ауыр болған ғой. Сонда ол саналы түрде бұл дүниемен қош айтысады. Мына жүкті енді көтере алмаймын деген», - деп түйіндеді абайтанушы.