Синоптиктердің мәліметінше, сағат 20:00 шамасында Шымкентте желдің жылдамдығы 17 м/с-қа жеткен. Түркістан облысындағы алты метеостанция желдің күшейгенін тіркеді. Ең жоғары көрсеткіштер Шардарада — 25 м/с, Қазығұртта — 16 м/с болды.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, 112 нөміріне ресми түрде төтенше жағдайлар туралы хабарламалар келіп түспеген.
Мамандардың айтуынша, күннің күрт өзгеруіне оңтүстік-батыстан келген циклон себеп болған. Оныңсалдарынан ауа температрасы күрт төмендеп, шаң мен дауыл көтерілген.
— Шымкентте ауа температурасы +24 °C-қа дейін төмендеді, ал Түркістан облысының таулы аймақтарында +20 °C-қа дейін түсті. Алдағы күндері ауыспалы бұлтты ауа райы сақталып, кей жерлерде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы ықтимал. Түнгі температура төмендейді, — деді кезекші синоптик Жанат Жарменова.
Шымкент қаласына арналған ауа райы болжамы:
-18 мамыр: түнде +15…+20 °C, ауыспалы бұлтты, найзағайлы өткінші жаңбыр жаууы мүмкін, жел екпіні 20 м/с-қа дейін. Күндіз +25…+27 °C, жауын-шашынсыз. Өрт қаупі жоғары деңгейде (4-сынып).
- 19 мамыр: түнде +13…+15 °C, жауын-шашынсыз. Жел — солтүстік-шығыстан, 8–13 м/с. Күндіз +27…+29 °C, ашық.
- 20 мамыр: түнде +13…+15 °C, ауыспалы бұлтты. Күндіз +30…+32 °C, жауын-шашынсыз. Жел — оңтүстік-шығыстан, 8–13 м/с.
Түркістан облысына арналған ауа райы болжамы:
-18 мамыр: түнде +17…+22 °C, таулы аймақтарда +14 °C-қа дейін. Күндіз +23…+28 °C, тауда +20 °C-қа дейін. Кей аймақтарда өткінші жаңбыр, найзағай, бұршақ жауып, дауыл тұрады. Облыстың батысы мен солтүстігінде шаңды дауыл тұрады. Жел — оңтүстік-батыстан соғады, екпіні 9–14 м/с, кей жерлерде 28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
-19 мамыр: түнде +12…+17 °C, таулы аймақтарда +9 °C-қа дейін. Күндіз +25…+30 °C, тауда шамамен +22 °C. Жауын-шашын болмайды. Шөлейтті, батыс және солтүстік аудандарда шаңды дауыл болуы мүмкін. Жел — солтүстік-шығыстан соғады, жылдамдығы 9–14 м/с, кейде 20 м/с.
-20 мамыр: түнде +12…+17 °C, тауда +9 °C-қа дейін. Күндіз +28…+33 °C, таулы жерлерде +25 °C. Күн жауын-шашынсыз. Кейбір аймақтарда шаңды дауыл болуы ықтимал. Жел — оңтүстік-шығыстан соғып, жылдамдығы 9–14 м/с, кей жерлерде екпіні 20 м/с-қа дейін.