Белгілі режиссер Ермек Тұрсынов Қазақстаннан кетуге мәжбүр болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тұрсынов әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Сөзінше, Қазақстанда мәдениет саласы дамиды деп үміттенбейді. Оның үстіне өзіне де үнемі қысым жасалатынын жазды.
"Әрине, мұның бәрі көңі-күйді түсіреді. Бірақ мен басқа амал көріп тұрғаным жоқ. Бәрін қалай бар, солай айтатын болсақ, мені елге сыйғызбады", – деп жазды.
Сондай-ақ режиссер "еліміз түпсіз тұңғиыққа бара жатыр, мен бұған қатыскым келмейді" деп қосты.
Бұған дейін Ермек Тұрсынов белгілі комик Нұрлан Сабыровпен бірге ұйымдастырған "Диалог" атты кешінің өтпейтінін жазған.
"Құрметті достар! Өкінішке қарай, менің қатысуыммен осы жылдың мамыр айының 22 және 31 жұлдызында "Almaty Theatre"-да жоспарланған іс-шаралар біржақты түрде тоқтатылды. Яғни, 22 мамыр күні Нұрлан Сабуровпен "Диалог" өтуі тиіс еді, ал 31 мамыр күні саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған Еркеш Шәкеевпен концерт жоспарланған. "Диалог" туралы бүгінге дейін ешқандай түсініктеме берілген жоқ, ал концертке қатысты театр басшылығы Еркеш Шәкеевке техникалық себептерді алға тартып, ресми хат жіберді. Бұл туралы өз ойыммен кейінірек бөлісермін. Әзірге көрермендерге осы көңілсіз жаңалықты жеткізуді парызым деп санадым және тағы да кешірім сұраймын”, – деді ол.