Жетісу облысында жеңіл көлік жүк пойызымен соқтығысты, деп хабарлайды "ҚТЖ" ҰК баспасөз қызметі.
Компанияның мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бүгін, 18 мамыр күні сағат 17:35 шамасында Жетісу облысындағы Матай станциясының теміржол өткелінде болған.
Оқиға орнында "Mitsubishi Pajero" маркалы жеңіл көлік жүк пойызымен соқтығысқан. Абырой болғанда, апат салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, адам өлімі тіркелмеген.
Алайда көлік жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен. Қазіргі уақытта оның жеке басы анықталуда. Алдын ала мәлімет бойынша, теміржол өткеліндегі апатқа автокөлік жүргізушісінің жол қозғалысы ережелерін бұзуы себеп болған.
Оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.