Египеттің Шарм-эль-Шейх қаласындағы әуежайда қайтыс болған SCAT әуекомпаниясының жолаушысының жеке басы анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Марқұм — Қазақстанның ішкі істер органдарының ардагері Ақмарал Мұқанова. Бұл жайында журналист Әнуар Шалекенов әлеуметтік желіде бөлісті. Оның айтуынша, Ақмарал Мұқанова – анасының жақын досы әрі өзінің кіндік шешесі болған.
Ақмарал апа, бұған сене алар емеспін! Қалай?! Бүгін Египетте анамның жақын досы, менің кіндік шешем өмірден озды. Оқиғаны жаңалықтардан білесіздер, – деп жазды ол.
Шалекеновтің мәліметінше, Ақмарал Мұқанова ішкі істер саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, зейнетке шыққаннан кейін Астанада тұрған. Журналист марқұмды аса мейірімді, адамгершілігі мол жан ретінде сипаттады.
Айта кетейік, қайғылы оқиға Египеттегі Шарм-эль-Шейх әуежайында Астана бағытына ұшуға дайындық кезінде орын алды. Жолаушылар отырғызу кезінде жарнама тақтасы құлап, үш қазақстандық зардап шеккен. Өкінішке қарай, олардың бірі — Ақмарал Мұқанова оқиға орнында қаза тапты.