$517.45 €598.59 ₽6.58
×

Қазақстан қарызға батты: берешек 17% өсті

19.05.2025ж. 20:00
138
Қазақстан қарызға батты: берешек 17% өсті

Елде халық қана емес, мемлекет те қарызға батқан. Былтыр берешек көбейіп, 2023 жылмен салыстырғанда 17 процентке артты. Тиімсіз жұмсалған теңгелер туралы жақ ашудың өзі қиын. Оңды-солды шашылған ақша 2 есе өскен. Бюджетке түскен қаражатпен де мақтана алмаймыз. Өткен жылмен салыстырғанда 1 трлнға азайды. Сорақысы сол, Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында Қазақстанның ғана кірісі өспеген.

НҰРЛАН НҰРЖАНОВ, ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТА МҮШЕСІ:

2024 жылы өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,4 пайыз өссе де, 2023 жылмен салыстырғанда түскен салық көлемі төмендеген. Сонымен қатар республикалық бюджетке қосымша түсім ретінде 898 млрд теңгенің 70 пайызы салықтық және кедендік әкімшілендірудің нәтижелерін жаппайтыны анықталып отыр.


Былтыр бюджеттен 92 млрд теңге игерілмей қалыпты. Нақтырақ, қаржы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, көлік министрлігі жұмысты тиімді атқара алмаған. Бұдан бөлек, бюджет көлемі жеткіліксіз. Әлі күнге дейін Ұлттық қорға қол жайып отыр. Осы тұста 2024 жылдың ішінде бюджет 12 рет түзелгенін айта кеткен жөн. Мұндай жағдайдың бұрын-соңды болмағанын ескерсек,  бұл жоспарлау сапасының төмен екенін көрсетеді.

ДАНИЯ ЕСПАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Дефицит көлемі едәуір үлкен, ол жылдан жылға өсіп жатыр және бюджет кірісі есебінен емес, Ұлттық қордан берілетін трансферттер есебінен жабуға алып келіп жатыр. Екіншіден, мемлекеттік қарыз мөлшері ұлғаюда. 2024 жылы да солай болды.