Қазақстанда филиппиндік бала күтушілер көбейген. Ата-әже тәрбиесіне сүйенген қазақ қоғамы енді неге өзгелердің көмегіне жүгініп жүр? Бұл тек тілге байланысты ма, әлде мәселе тереңде ме? Толығырақ тілшіміз Назерке Алтынбектің материалында.
НАЗЕРГЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:
Қазақстандық отбасылар филиппиндік тәрбиешілерді еңбекқорлығы, сыпайылығы және ағылшын тілінде еркін сөйлегені үшін таңдайды. Сонымен қатар, олардың икемді жұмыс кестесі мен балаға деген ерекше мейірімі де назардан тыс қалмайды.
Елімізде мұндай қызмет ұсынатын компаниялар саны артқан. Мәселен, тек бір мекеменің өзінде 150 филиппин азаматшасы жұмыс істейді. Ата-аналар олармен арнайы келісімшартқа отырып, қызметіне жүгінеді. Компания өкілдерінің айтуынша, филиппиндік күтушілерге елдің барлық аймақтарынан сұраныс жоғары, әсіресе Астана мен Алматы көш басында тұр.
АЙЖАН ӨТЕПБЕРГЕНОВА, КОМПАНИЯ ДИРЕКТОРЫ:
Статистика бойынша егерде 2023 жылда 20-30 пайыз болса, қазір 80-90 пайыз филиппин азаматтары артып келеді.Тек қана тәрбиеші емес, 3 мамандықты алып келеді. Үй ішінде олар бірде тәрбиеші болады, 2-ден репетитор болады,балаға ағылшын тілін үйретеді және де 3-ден үй қызметкері.
Ал филиппин тәрбиешісі қазақ отбасымен жұмыс істеу өзіне ұнайтынын жасырмады.
МЭЙ ЭНН ЙАМА, ТӘРБИЕШІ:
Мен Қазақстанды таңдаған себебім – мұндағы халықтың мейірімділігі мен қонақжайлығы. Қазақтар елжанды, отбасына жақын. Сонымен қатар, жалақысы да басқа елдермен салыстырғанда жақсы. Әрине, кей балалар өте ерке, бірақ ең қызығы – олар қателессе, шын жүректен кешірім сұрауды біледі. Бұл – үлкен мәдениеттің белгісі.
Кей ата-аналар шетелдік күтушінің бөтен мәдениеттен болғанымен, баламен тіл табысып, отбасының бір мүшесіне айнала алатынын айтады.
ТИМУР ДАВЛЕТБАЕВ, АТА-АНА:
Басында әйелім айтқанда қарсы болғаным рас. Бөтен ұлттың адамына баламды тапсыруға жүрексіндім. Бірақ уақыт өте келе көзқарасым өзгерді. Маған қазір өте ұнайды. Әсіресе, балам ағылшын тілін тез меңгеріп жатыр. Тағы бір жақсысы – күтуші үйдегі артық әңгімелерді, құпияларды түсінбейді. Бұл да бір тыныштық береді.
Алайда ұлттық тәрбиенің орны бөлек. Қандай мейірімді күтуші болса да, баланың бойына қазақы мінез, ұлттық рух пен салт-дәстүрді тек өз ата-анасы бере алады. Ұрпағына тіл үйретіп қоймай, тарихын, тегін, тамырын танытқысы келетін әрбір ата-ана бұл тепе-теңдікті өзі бағамдауы тиіс.
МАҚСҰТБЕК АЙТМАҒАНБЕТ, «ӘКЕЛЕР ОДАҒЫ» РҚБ ТӨРАҒАСЫ:
Бұл жерде, бірақ енді, филиппиннен келген осындай азаматтар бар екен деп бүкіл тәрбиені беріп қоюға болмайды. Сондықтан енді, аналар өздері де балаларымен айналысу керек. Балаларын тәрбиелеу керек. Әр ананың беретінін филиппин болсын, басқасы болсын бере алмайды.
Қазақы тәрбие мен заманауи мүмкіндіктер қақтығыспауы керек. Екеуін үйлестіре білсек – ұтылмаспыз, бәлкім.